3 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев Саарланд Федералдық жерінің Мемлекеттік хатшысы, Мемлекеттік кенсесінің басшысы Хенрик Айтельмен кездесті.
Сұхбат барысында Бас консул Хенрик Айтельді Қазақстан Республикасының қазіргі дамуымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Саар федералдық жерінің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктерімен таныстырды.
Өз кезегінде Хенрик Айтель Саардың Қазақстанмен автомобиль өнеркәсібі, автомобиль қосалқы бөлшектер өндірісі, металлургия, машина жасау және ақпараттық технологияларды дамыту сияқты салаларда екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін белсенді пайдалануға мүдделі екендігі туралы хабарлады. Сондай-ақ, Саардағы Қазақстанға арналған іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған Бас консулдықтың шараларын ұйымдастыруға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Анықтама: Саар федералдық жері Германияның оңтүстік-батысында орналасқан, 2570 шаршы шақырымды алып жатқан аймақ болып табылады және аймағық тұрғындарының саны 990 мың адамды құрайды (2018 ж. 31 желтоқсандағы жағыдай бойынша). 1960 жылдары басталған құрылымдық қайта құрулардың нәтижесінде Саар көмір өндіруді біртіндеп тоқтатып, металл өнеркәсібін тиімді түрде қайта құрды. Сонымен бірге, автомобиль шығару өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың осы аймаққа орналасуына және қосалқы бөлшектер өндірісінің белсенді дамуына ықпал етті. Қазіргі уақытта өңірде ақпараттық, медициналық және нано-биотехнологиялар сияқты жаңа салалар мен материалдардың жаңа түрлерін жасау белсенді дамуда. Саарда «Ford Werke», «ZF Getriebe», «Saarstahl Konzern», «Dillinger Hüttenwerke», «Schaeffler Technologies», «Villeroy & Boch», «Michelin», «Eberspächer», «VOIT Automotive» секілді ірі өндіріс орындары орналасқан. Сонымен қатар, осында Германияда жасанды интеллектті зерттеу (Deutsches Forschungszentrum für Künstliche Intelligenz) мен ақпараттық қауіпсіздік (CISPA - Helmholtz-Zentrum für Informationssicherheit) салаларындағы ірі орталықтар орналасқан.