Гессенде Қазақ кино күндері өтті

Гессенде Қазақ кино күндері өтті

Майндағы Франкфурт, 2024 жылғы 2 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында, сондай-ақ еліміздің маңызды мерейтойлар – қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Ұлыс Жошының құрылғанына 800 жыл толуы, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, және еліміздің әлемдік спорт саласындағы табысты жетістіктері аясында Майндағы Франкфурт қаласында Қазақ киносының күндері өткізілді.

Іс-шараға ресми, іскерлік, мәдени және ғылыми топтардың жергілікті өкілдері, сондай-ақ Германияда тұратын қазақстандықтар мен қазақ диаспорасының өкілдері, Гессен федералды жерінің тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Қазақстандық фильмдердің кино көрсетілімдерін аша отырып, ҚР Бас консулы Таубалды Үмбетбаев Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы осындай іс-шаралардың маңызды рөлін атап, отандық кино өнерінің табысты туындыларын кең шетелдік аудиторияға ұсыну арқылы халықтардың мәдениеттері арасында олардың жақындасуына ықпал ететін «көпір» құрылатынына ерекше назар аударды.

Гессендегі қазақ киносы күндері аясында демалыс күндері бір ай ішінде төрт қазақстандық фильм көрсетілді. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің XV ғасырдың ортасы – қазақ мемлекеттілігінің пайда болу кезеңіндегі оқиғалар негізінде түсірілген «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» атты тарихи картинасының көрсетілімі өтті. Келесі кезде режиссер Ақан Сатаевтың жоңғарлармен қанды соғыста қазақ халқының бірлігі мен батырлығын бейнелейтін «Жаужүрек мың бала» фильмі ұсынылды. Көрермендер фильмдерді қуана құптап қабылдап, кинокартиналардың эпикалық ауқым мен трюктеріне қатысты әсерлерімен бөлісті. Бұл фильмдер қазақ халқының бай тарихына қызығушылық тудырды. Халқымыздың қайсарлы рухын бейнелейтін, ата-бабаларымыз берген баға жетпес мұраны сақтаудың маңыздылығына назар аударатын фильмдер біздің отандастарымыздың арасында ыстық ықыласқа ие болды.

Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен ержүрек паралимпиадашыларымыздың құрметіне Алдияр Байракимовтің «Паралимпиадашы» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл туынды паралимпиадашылардың, оның ішінде 2018 жылы Пхенчханда 1,5 км спринтте жеңіске жеткен Қазақстан тарихындағы қысқы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы А. Колядиннің өміріндегі нақты оқиғалар негізінде жасалған. Спортшылардың жеңіске деген ерік-жігері мен шеберлігімен шабыттанған кинокартина көрермендерге көптеген эмоциялар спектрін тудырды.

Соңғы фильм көрсетілімі қазақ геолог-ғалымы, академигі және Қазақ КСР Ғылым академиясының Тұңғыш президенті Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығына арналды. Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Қаныш» фильмі 1926-1934 жылдардағы нақты тарихи оқиғаларға негізделген, сол кезде қаңырап қалған Қарсақпайдың орнында ғалымның зор еңбегі арқасында әлемдегі ең бай тау-кен инфрақұрылымдарының бірі пайда болды. Ұлттық мақтаныш болып табылатын, елдің ғылыми және қоғамдық прогресіне баға жетпес үлес қосқан көрнекті тұлғалар туралы баяндайтын фильмдерді көрсетудің маңыздылығын ескерген қонақтар оң пікірлерімен және жылы тілектерімен бөлісті.

Гессендегі қазақ киносы күндері отандық кино өнеріне жоғары қызығушылық арттырудағы және Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды қадам болды.