Майнц қаласында «Орталық Азия мен Каспий өңірі мемлекеттері Елшілерінің диалогы» өтті

Майнц қаласында «Орталық Азия мен Каспий өңірі мемлекеттері Елшілерінің диалогы» өтті

Майнц, 2024 жылғы 12 наурыз – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қ. Бас консулы Т. Умбетбаев Майнц қаласында Рейнланд-Пфальц федералдық жерінің Экономика, көлік, ауыл және жүзім шаруашылығы министрлігі мен Рейнгессен Сауда-өнеркәсіп палатасының шақыруымен «Орталық Азия мен Каспий өңірі мемлекеттері Елшілерінің диалогына» қатысты.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілері, Түрікменстан Елшілігінің экономикалық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі, Германия экономикасы Шығыс комитеті, өңірлік Сауда-өнеркәсіп палаталарының (Майндағы Франкфурт, Кобленц, Рейнгессен, Пфальц, Майндағы Оффенбах) өкілдері және 20-ға жуық неміс компаниялары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдері және Германия арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту және кеңейту мәселелерін талқылау болды. Іс-шара бағдарламасы аясында екі панельдік сессия және бейресми пікірталас өтті.

Іс-шараны ашу рәсімінде сөз сөйлеген Экономика, көлік, ауыл және жүзім шаруашылығы министрі Даниэла Шмитт қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азияның артып келе жатқан рөліне назар аударды. «Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, орасан зор әлеуеттері мен стратегиялық географиялық жағдайлары осы аймаққа ерекше назардың арттылуына және "С5+" диалог алаңының өзектілігіне себеп болды» - деп мәлімдеді Даниэла Шмитт.

Рейнланд-Пфальц федералды жерінің өкілі бұл іс-шара пікір алмасу және қатысушы мемлекеттер мен Германия арасындағы белсенді ынтымақтастықты ілгерілету үшін табысты платформа болатынына сенім білдірді.

Бас консул Т. Умбетбаев «Орталық Азия мен Каспий өңірі мемлекеттері Елшілерінің диалогы» тақырыбындағы панельдік сессиядағы сөзінде еліміздің экономикалық дамуының оң динамикасы мен перспективаларына, сондай-ақ Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударып, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, сауда мен инвестицияларға жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін атап өтті.

Бүкіл Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің ортақ сын-қатерінің бірі болып табылатын климаттың өзгеруі және су проблематикасы мәселелерін қозғай отырып, "жасыл" экономика саласындағы тығыз ынтымақтастық жолымен бірлескен тиімді шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды және іс-шараға қатысушыларды 2024 жылғы 13-14 маусымда өтетін «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Іс - шараның екінші бөлімінде DGS Diesel- und Gearservice GmbH, Rhenus SE & Co. KG, LUNO-Gruppe Hamburg, KOCH Solutions GmbH, ODDO BHF SE неміс компаниялары басшыларының қатысуымен "Орталық Азиядан жетістіктер тарихы" атты дөңгелек үстел өтті.  Қазақстанда бірнеше онжылдықтар бойы қызмет жүргізіп келе жатқан компаниялардың өкілдері Қазақстандағы жобаларды іске асыру процесіне жоғары баға беріп, сауда, логистика, қаржыландыру салаларындағы даму мүмкіндіктері мен перспективалары туралы ақпараттар беріп, Қазақстандағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті.