Майндағы Франкфурт, 2023 жылғы 18 қазан – Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі Республика күнін атап өту аясында ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы «Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің маңызы» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Іс-шараға 2023 жылғы 18-22 қазан аралығындағы «Frankfurt Book Fair 2023» 75-ші меретойлық Халықаралық кітап жәрмеңкесінде Қазақстанды танытып жүрген «Алматыкітап баспасының» өкілдері, «Steppe&World Publishing» баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр, Қазақстанның белгілі мәдениеттанушысы, қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы Зира Наурызбай, сондай-ақ «Атамұра» және «Мазмұндама» баспаларының басшылығы, қазақстандық студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері және еліміздің достары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның тарихи маңызы бар Республика күні, Қазақстанның егемендік жылдарындағы жетістіктері, қазіргі саяси және экономикалық реформалары, сондай-ақ Қазақстан мен Германия барлық саладағы белсенді қарым-қатынасы туралы хабардар етілді.
Әдеби кеш барысында Қазақстанның жетекші баспалары қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін дамыту жолындағы қызметтерімен бөлісіп, көрермендердің назарына ұлттық кітап өнімдерін көрсетті. Сондай-ақ, «Алматыкітап баспасы» «ТopIQ.kz» электрондық оқулықтардың цифрлық платформасымен таныстырды.
Өз кезегінде, Зира Наурызбай қазақ тілінің қазіргі жағдайы, қазақ мәдени мұрасын сақтай отырып, жаһанда әрдайым қазақ болып қалу маңыздылығы туралы айтып берді
Іс-шара пікірталаспен жалғасты, оның барысында қатысушылар қазіргі қазақ әдебиетінің рөлі және ұлттық құндылықты сақтау маңызын талқылады.