Майдағы Франкфуртте Бас консул қазақстандық студенттермен кездесті

Майдағы Франкфуртте Бас консул қазақстандық студенттермен кездесті

Майндағы Франкфурт, 25 қаңтар 2023 жыл – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы ғимаратында Германияның жоғары оқу орындарында оқитын  қазақстандық студенттермен, оның ішінде НЗМ түлектерімен (Назарбаев Зияткерлік мектептері) кездесу өтті.

Отырысты ашқан Бас консул Т.Үмбетбаев ҚР Президентінің Жолдауында айтылған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» саяси реформалардың негізгі бағыттары, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, әділеттілікті ынталандыруға бағытталған экономикалық саясаттағы жаңа тәсілдер туралы хабардар етті. Бәсекелестікке, экономиканы әртараптандыруға, адами капитал мен аймақтарды дамытуға, сондай-ақ елімізде Қазақстан Республикасының өскелең ұрпағын қолдау шараларына үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова НЗМ қызметі мен даму перспективалары, педагогтар мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру саласындағы қазіргі тенденциялар туралы айтып берді.

Егеменді мемлекетіміздің құрылуы мен нығаюына алдыңғы буындардың, атап айтқанда, Алаш партиясының көрнекті өкілдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Тынышпаев, М.Дулатов және басқа да ұлттық демократияның бастауында тұрған қайраткерлер қосқан өлшеусіз үлесі атап өтілді.

Кездесудің одан әрі барысы өзара сұхбат алысу түрінде өтті, оның барысында жастар өздерінің әр қилы сұрақтарын қойды. Қазақстандық жастарды қызықтырған тақырыптар, жылдам өзгеріп жатқан әлем үрдісінен білім беру жүйесінің қалыспау керектігі, сондай-ақ мәдени-тарихи аспектілер мен екі ел арасындағы саяси-экономикалық қатынастарға да қызығушылықтар көрсетілді.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат студенттерге оқуда сәттілік тілеп, алған білімдерінің Қазақстанның игілігі мен қазақстан-германия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарын нығайтудағы өзектілігін атап өтті.