Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің VII-ші отырысы туралы

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің VII-ші отырысы туралы

2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары cъезінің VII отырысы өтеді.

Аталған дінаралық форумды Қазақстанда өткізу туралы бастама 2003 жылғы 13 ақпанда дінді, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыруда маңызды рөл атқарған Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясында көтерілді.

Бұл идеяға Съезге құттықтауларын жолдаған АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Польша, Германия, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдар басшылары тарапынан қолдау көрсетілуі еліміздің жетістіктері мен жаңа бастамаларына деген сенімнің әлемдік деңгейде мойындалуының айғағы болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылдың қыркүйегінде өтіп, бірегей оқиғаға айналды. Алғаш рет бір үстелге бүкіл діни әлемнің өкілдері жиналды. Бұл форумның маңыздылығы діндер диалогының, дауларды шешудің және терроризмге қарсы тұрудың тиімді құралы болып табылатын оның тұжырымдамалық идеясында. Тұрақты халықаралық институт құру, діни диалогты қамтамасыз ету және әлемде келісілген шешімдер қабылдау үшін ортақ бағдарларды іздестіру осы іс-шараның негізгі мақсаты болып табылады.

Жоғарыда аталған халықаралық форумда рухани көшбасшылардың болашақта үйлесімді әлемнің негізі ретінде қоғамдарда келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-әрекеттер туралы мәлімдемелерімен декларация қабылданды. Сондай-ақ Съезді тұрақты негізде (үш жылда бір рет) өткізу және халықаралық және конфессияаралық диалогтың тұрақты жұмыс істейтін органы ретінде оның Хатшылығын құру туралы шешім бекітілді. Сол арқылы Съезд жүйелі міндеттерді шешу үшін диалог алаңының әлеуетіне ие болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі 2006 жылдың қыркүйегінде өтті. Оның жұмысы «Діни сенім бостандығы және басқа дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы діни көшбасшылардың рөлі» атты екі бағытта жүргізілді. Осы шараға арнайы Нұр-Сұлтан қаласында «Бейбітшілік және келісім сарайы» атты жаңа ғимарат тұрғызылды.

Съезд барысында қатысушылар өз жұмысында басшылыққа алған дінаралық диалог қағидаттары, сондай-ақ қазіргі әлемдегі діннің рөлін мойындайтын және жаһандық тәртіпті орнатудағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі мен миссиясын күшейтуге бағытталған қорытынды құжат бекітілді. ІІ-ші Съезд жұмысының нәтижесінде оған қатысушылар барлық конфессиялар мен этностардың өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтарға негізделген қақтығыстардың алдын алуға күш салуға шақыратын бірлескен декларация қабылдады.

2009 жылы шілдеде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІІ Съезінің басты назарында «Төзімділіқ, өзара құрмет пен ынтымақтастық әлемін құрудағы діни лидерлерінің рөлі» тақырыбы болды. Конгресс форматына белгілі бір өзгерістер енгізілді, секциялық отырыстар жаңашылдыққа айналды. Нәтижесінде дүниежүзілік қоғамдастықты дінаралық және өркениетаралық диалогты тиімді жолға қою жолындағы діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін үнемі қолдап, ілгерілетуге шақыратын бірлескен құжат қабылданды. Съезд қорытындыларының бірі мәдениеттер диалогы мен экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін Діни көшбасшылар кеңесін құру туралы шешімнің қабылдануы болды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі 2012 жылдың мамырда «Бейбітшілік пен келісім - адамзат таңдауы» тақырыбында өтті. Онда адамзат қауіпсіздігін нығайтудағы, диалог пен өзара түсіністікті жақсартудағы діни және рухани көшбасшылардың ерекше рөлі атап өтілді. Жаһандық төзімділік пен сенімді қалыптастыру мен нығайтуға арналған «G-Global» бірыңғай электрондық порталы аясында интернет-ресурсты құру осы форумның маңызды бастамаларының бірі болды.

2015 жылғы маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 5-ші съезінің негізгі тақырыбы «Бейбітшілік пен даму жолындағы дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлердің диалогы» болды. Форумға қатысушылар тұжырымдаған Декларация қағидаттарының бірі әскери тайталасушылар тараптарын қақтығыстарды тоқтатуға және келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты тоқтату және бейбіт тұрғындарды қорғау туралы келісімдерді жасауға шақыруға негізделді.

2018 жылдың қазанда «Діни көшбасшылар - қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өткен VI-ші Съезге қатысушылар мәдениеттер мен өркениеттердің жақындасуы, жаһандық қауіпсіздік және экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шаралары мәселелерін талқылады.

Аталған форум жұмысының нәтижелері өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу қажеттігін көрсетті. Съезге қатысушылардың Декларациясында барлық рухани көшбасшылар бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы үндеумен әлемдік қоғамдастыққа, адамдарға, мемлекеттерге жүгінуі қажет екендігі атап өтілді. Барлық айтылған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін VI съезд делегаттары Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев орталығын құруды ұсынды.