Франкфурт қаласында Еліміздің туристік әлеуетінің тұсаукесері өтті

Франкфурт қаласында Еліміздің  туристік әлеуетінің тұсаукесері өтті

Майндағы Франкфурт қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы, «KazakhTourism» және «Air Astana» Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның туристік әлеуетінің таныстырылымы өтті.

Қазақстан Республикасының Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев, «KazakhTourism» Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және «Air Astana» Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы өкілі Сьюзит Хетихева іс-шараға қатысушыларды еліміздің туристік мүмкіндіктерімен, Үкіметтің туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларымен, ұлттық компаниялар қызметінің негізгі бағыттары мен перспективаларымен таныстырды.

Сондай-ақ, тұсаукесерге қатысушыларға Бас консулдық шығарған туристік гид ұсынылды. Бас консулдың айтуынша, басылымның негізгі идеясы пандемия кезінде Қазақстанға қызығушылық танытқан барлық адамдарға Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап отырған Еліміздің ең қызықты және көркем өңірлеріне «виртуалды» саяхат жасауға және олардың көріністерін кәсіби қазақстандық фотографтардың камера объективі арқылы тамашалауға мүмкіндік беру болып табылады.

Екі компанияның өкілдері басылымның сапасын жоғары бағалай отырып, оны шетелдегі қазақстандық өкілдіктер арасында және мамандандырылған халықаралық іс-шаралар барысында, сондай-ақ қазақстандық авиатасымалдаушысының бортында тарату үшін үлкен тиражбен басып шығаруға мүдделі екендіктерін мәлімдеді.

Іс-шараға неміс туристік ұйымдарының 30-дан астам басшылары, сондай-ақ туристік саланы көрсетуге мамандандырылған Германияның бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері қатысты.

Іс-шара соңында Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдері домбырада музыкалық туындылар орындап, қонақтардың шаттығы мен шынайы қызығушылығын тудырды.