Франкфурт қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Франкфурт қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған фотокөрме ашылды

МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ, 2021 жылғы 29 қыркүйек – мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 30-жылдығын атап өту аясында Майндағы Франкфурт қаласының белгілі «Skyline Plaza Frankfurt» бизнес және сауда орталығында Қазақстанның мәдениетіне, экономикалық әлеуетіне, салт-дәстүрлеріне, саяси және халықаралық жетістіктеріне арналған фотокөрме ашылды.

Ашылу рәсімінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов және Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев мемлекетіміздің тарихы мен халқымыздың мәдениеті, сондай-ақ салт-дәстүрлері туралы айтып өтті.

Герман тарапынан фотокөрмені ресми түрде Франкфурт қаласы магистратының (Кеңесінің) кеңесшісі Ина Хаук ашты. Алғы сөзінде неміс саясаткер мемлекетіміздің саяси және экономикалық жетістіктерін жоғары бағалап, заманауи халықаралық қатынастардағы мәдени-гуманитарлық байланыстарының ерекшелігін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның заманауи архитектурасын, табиғатын, ұлттық тағамдары мен адамдарын, аймақтық ерекшеліктері мен экономикалық мүмкіндіктерін, сондай-ақ мемлекетіміздің халықаралық аренадағы бейбітшілікке бағытталған ерекше рөлін көрсететін фотокөрмені тамашалай алды.

Ашылу рәсімі қазақ ұлттық музыкасымен аяқталды. Арнайы осы көрмеге келген Алматы қаласының «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері ұлттық аспаптар – домбыра мен жетігенді классикалық виолончельмен ұштастырып, қонақтардың ерекше назарына ие болды.

Көрме 2021 ж. 29 қыркүйек – 2 қазан аралығында өтеді.