Қазақстанда ядролық полигонның жабылуының 30 жылдығы туралы

Қазақстанда ядролық полигонның жабылуының 30 жылдығы туралы

Биыл 29 тамызда Кеңес Одағы 1947 жылы Қазақстан Республикасының аумағында құрған Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады.

Бұл маңызды тарихи шешімді 1991 жылдың 29 тамызында тиісті Жарлыққа қол қойып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдады. Нәтижесінде 1996-2000 жылдар аралығында 13 ұңғыма мен 181 штольня жабылды.

42 жыл ішінде полигонда 468 ядролық сынақ жүргізілді. 1949 жылдан 1963 жылға дейін жасалған жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының құатынан 2500 есе көп болды. Сонымен бірге жарылыстар тек жерасты әдісімен ғана емес, атмосферада да болды. Нәтижесінде орасан зор жерлер ластанып, экономикалық айналымнан шығарылды. Көршілес аймақтардың 1,3 миллионнан астам тұрғыны радиоактивті қалдықтардың әсеріне ұшырады, бұл олардың денсаулықтарына теріс әсер етті.

Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан ядролық қаруды таратпаудың және оған жан-жақты тыйым салудың белсенді жақтаушысы болды және болып қала береді. Бұған жарқын дәлел - әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту (1410 ядролық оқтұмсық), бірқатар негізгі халықаралық шарттарға қол қою, беделді халықаралық ұйымдарға мүшелік ету және ядролық қаруды таратпау саласындағы ірі халықаралық іс-шараларға белсенді қатысу.

Халықаралық қауымдастық 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні» деп жариялау туралы қарармен Қазақстанның шешуші және дәйекті әрекеттерін мойындады. Кейінірек, 2015 жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға ортақ декларациясын қабылдады, оған әр түрлі құрлықтар мен аймақтық топтардың 35 мемлекеті қосалқы авторы болды.

Айтулы күн қарсаңында сіздердің назарларыңызға Семей ядролық сынақ полигонының жабылу тарихы мен еліміздің ядролық қарусыздануға, ядролық қаруды таратпауға және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қосқан үлесі туралы деректі фильмдерді ұсынамыз.