Адамның ғарышқа алғаш ұшуының 60-жылдығына орай

Адамның ғарышқа алғаш ұшуының 60-жылдығына орай

Осыдан тура 60 жыл бұрын адам баласы тұңғыш рет ғарышқа ұшты. Мыңдаған кеңес ғалымдарының, конструкторларының, инженерлерінің және өзге де мамандардың, соның ішінде қазақстандықтардың жанкешті еңбегіне арқа сүйенген Юрий Гагарин ерлігімен ғарышқа басқарылатын ұшулар дәуірі басталды.

Біз 1961 жылдың 12 сәуірінде «Восток-1» ғарыш кемесін орбитаға шығарған тасығыш-зымыран қазақ еліндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылғанын мақтан тұтамыз.

Сол күні жас ақын, кейіннен біздің дипломат әріптесіміз болған Олжас Сүлейменовтың заманалық оқиғаны дәріптейтін «Адамға табын, жер, енді!» атты жантебірентер өлең жолдары басылып шықты. Осы айтулы оқиғаны шын мәнінде, барша әлем тойлады.

Бүгінде Қазақстан ғарышты бейбіт мақсатта игеруге өзінің мазмұнды үлесін қосып келеді. Біз осы игілікті істе өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты дәйекті түрде қолдаймыз. Бұл туралы 2021 жылғы 9 сәуірде Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшылығының, басқа да мүдделі тараптардың жоғары өкілдерінің қатысуымен өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда да айтылды.

«Міне, 65 жыл бойы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып келген Байқоңыр ғарыш айлағынан 150 ғарышкер кең байтақ ғаламды игерді. Олардың қатарында қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар. Қазақстан мен Ресейдің одан әрі белсенді және жемісті ынтымақтастығы ғарыштық зерттеулер мен басқарылатын ұшулар саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін», - деді ҚР Премьер-Министрі А. Мамин конференция барысында.

Үкіметте атап өтілгендей, бүгінгі күні спутниктердің 3 тобы құрылып, жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстанның қатысуымен екі ірі жоба жүзеге асырылуда: олар – «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені және әйгілі «Гагарин старты» жаңғырту.

Әлем БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күнін атап өтіп жатқан айтулы күнде біз баршамызды осы тамаша мерекемен құттықтауға қуаныштымыз! Ғарышкерлер күні құтты болсын, қымбатты достар!

Көктемнің дәл осы шуақты күнінде 122 жыл бұрын қазақтың көрнекті геологы, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келуінің де символдық мәні бар. Сондықтан біз осы саланың кәсіби мамандарын Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға батыл ойлар мен жаңа жеңістер тілейміз!