Қазақстанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтті

Қазақстанда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтті

ТҮРКІСТАН, 2021 ж. 21 наурыз – бүгін бейнеконференция форматында Түркі кеңесінің (Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, ТМЫК) бейресми саммиті өтті. Іс-шараға ТМЫК мүшелері болып табылатын барлық мемлекеттердің басшылары және осы Ұйымға бақылаушы болып табылатын Венгрияның Премьер-Министрі қатысты.

Саммиттің қорытындысы бойынша тараптар Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялау туралы декларацияға қол қойды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК немесе Түркі кеңесі) құру туралы келісімге 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында (Әзірбайжан Республикасы) Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы саммитінде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия басшылары қол қойыды. 2011 жылға дейін түркі тілдес мемлекеттер басшыларының саммиттері форумдар форматында өтті.

2010 жылғы қыркүйекте Стамбулда түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммитінде түрік дипломаты Х.Акынжыны Түркі кеңесінің бірінші бас хатшысы ретінде тағайындау туралы шешімге қол қойылды.

Өзара әрекеттестікті үйлестіру үшін 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанның өкілі Б.Әміреев басқаратын штаб-пәтері Стамбулда орналасқан Түркі кеңесінің хатшылығы тұрақты жұмыс істейді.

2019 жылы Түркі кеңесінің құрамына Өзбекстан кірді.

Кеңестің соңғы VII Саммиті 2019 жылдың 15 қазанында Баку қаласында «Шағын және орта бизнесті дамыту» тақырыбында өтті.

Ал 2020 жылы Кеңестің төтенше саммиті бейнеконференция арқылы өтіп, оның барысында COVID-19 пандемиясымен тиімді күресу мәселелері талқыланды. Нәтижесінде декларация қабылданды.

Түркі кеңесі аясында төрт жұмыс тобы жұмыс істейді, олардың қызметі мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, олардың инвестициялық климатын жақсартуға, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға бағытталған.

2019 жылғы 17 мамырда Нұр-Сұлтанда Астана экономикалық форумы аясында ТМЫК-ға мүше мемлекеттер ТМЫК іскерлік қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірлескен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру жөніндегі құжаттарға қол қойды.

Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен Қазақстан өкілдері бастаған Түркі академиясының белсенді жұмысы ықпал етеді.

2014 жылы Әзірбайжан Президенті И.Әлиевтің бастамасымен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры құрылды.

ТМЫК шеңберінде Түркі университеттерінің одағы жұмыс істейді.

Жастар саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға жастар фестивалін тұрақты түрде өткізу, түркі жастарының лагерін және түркі мемлекеттерінің жас дипломаттарына арналған курстарды ұйымдастыру ықпал етеді.

2018 жылдың 5-10 сәуірінде Бакуде Түркі Кеңесінің Бірінші Студенттік ойындары («Түркі Универсиадасы») өтті, оған Қазақстанның студенттер командасы қатысты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үнемі өткізілуі түркі тілдес халықтар арасындағы мәдени және тарихи байланыстардың тереңдеуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ, ТМЫК шеңберінде 2008 жылдан бастап Түркі тілдес Мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) жұмыс істейді, оның қызметі парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.