21 наурызда Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының ұжымы Наурыз мерекесіне орай Рейн өзенінің жағасында алма ағаштарының көшеттерін отырғызу шарасына қатысты.
"Наурыз өмірлік күштің жандануын, рухани өрлеуді, табиғаттың қайта оянуы мен молшылықты білдіреді. Қазіргі Қазақстанда Наурыз мейрамының тұжырымдамасы біртіндеп өзгертіліп, қазақ халқының ежелгі дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтаумен қатар, мерекелеу мен бұқаралық іс-шаралардың жаңа форматтары енгізілуде. Игі дәстүрді жалғастыра отырып, биыл біз Наурыз мейрамын Гессеннің көрікті аймақтарының бірі болып табылатын - Рейнгауда 7 алма ағашын отырғызу арқылы атап өту туралы шешім қабылдадық" деді өз сөзінде Бас консул Ермұхамбет Қоныспаев.
Бас консулдың айтуынша, ағаштың түрі мен саны кездейсоқ таңдалған жоқ. Тянь-Шань тау жотасының етегі алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені баршаға мәлім. Мысалы, алма ағашының ең көне түрі болып табылатын «Сиверс» алма ағашы Қазақстаннан шыққан, ал әлемдегі бүгінде 3000-нан астам сорттары бар қызғалдақтың көпшілігі Қазақстаннан шыққан. Сонымен бірге, 7 саны қазақтардың дүниетанымында ерекше орын алатыны және әлемнің көптеген халықтары үшін ол сан киелі мәнге ие екені баршаға мәлім.
Алдыңғы және Орталық Азия халықтарының мыңжылдық тарихының тереңінен бастау алатын "Наурыз мейрамы" Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығының арқасында өз жанданып, 2001 жылы мемлекеттік мерекеге айналды. 2009 жылдан бастап Наурыз Қазақстанда үш күн қатарынан - 21, 22 және 23 наурызда атап өтіледі.
ЮНЕСКО-ның бастамасымен 2009 жылғы 30 қыркүйекте Наурыз адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді. 2010 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы "Халықаралық Наурыз күні" атты Резолюцияны қабылдады.