Қазақстанда «Абай институты» құрылды

Қазақстанда «Абай институты» құрылды

Қазақстанда «Абай институты» құрылды. Оның бағдарламасы ашық білім беру «https://abai.institute» онлайн-платформасы арқылы ағылшын, неміс, парсы, түрік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

Онлайн-платформа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін танымал ету, қазақ тілінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыру, оқыту бағдарламаларының көпшілікке қол жетімділігін қамтамасыз ету, Абайдың шығармашылығы мен идеяларын таныстыру арқылы шетелдегі қазақ диаспоралары үшін қазақ тілін оқытуды ілгерілету және тереңдету мақсатында әзірленді.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ақпараты бойынша «Абай институты» шетелдік қазақ диаспорасына да, қазақ халқының өміріне, оның мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне қызығушылық танытатын шетел азаматтарына, сондай-ақ қазақ тілін жеткілікті деңгейде игермеген отандастарға қазақ тілін оқытуда ерекше рөл атқаратын болады.

«Абай институтының» Түркиядағы «Юнус Эмре институты», Германиядағы «Гёте институты» немесе Ресейдегі «Пушкин институты» ұйымдары сияқты тілдерді үйренуге жәрдемдесіп қана қоймай, елдер арасындағы білім, ғылым, мәдениет, өнер және т.б. салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі жақсартуға арналған мақсаттары мен міндеттері бар.

Қазіргі уақытта «Абай институты» «Отандастар» қорымен бірлесіп, бес елде: Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ-та қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастырды.

Жақын арада арнайы порталда қазақ диаспораларына ана тілін, әдебиеті мен фольклорын үйренуге арналған контент қалыптастырылатын болады. Сондай-ақ, елімізде және шет елдерде ғылым мен білім беру, тіл теориясы, Қазақ әдеби тілінің әлеуметтік-қоғамдық, саяси-экономикалық және ғылыми-техникалық салаларда қолданылу әсері мен ерекшеліктері саласындағы түрлі тақырыптар бойынша онлайн-курстар мен бейнедәрістер өткізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы мен идеяларына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.