Франкфуртте қазақстандық жастар Конституция, Құрылтай сайлауы мен ұлттық құндылықтарды талқылады

Франкфуртте қазақстандық жастар Конституция, Құрылтай сайлауы мен ұлттық құндылықтарды талқылады

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 26 маусым - Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына және Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасында білім алып жүрген және тұратын қазақстандық студенттер мен жастар қауымының өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Үмбетбаев жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси жаңғыруының маңызды кезеңі екенін атап өтіп, оның заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және Әділетті Қазақстанды құру бағытын дәйекті түрде іске асыруға бағытталғанын жеткізді.

Өз сөзінде Бас консул жаңа Ата Заң мемлекеттің саяси жүйені одан әрі жетілдіруге, демократиялық институттарды нығайтуға және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге деген ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, Бас консул алдағы Құрылтай сайлауының маңыздылығына ерекше тоқталып, шетелде жүрген қазақстандық жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды. Ол сайлауға қатысу әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағына ортақ жауапкершілігін білдіретін маңызды азаматтық борыш екенін атап өтті. Осы тұрғыда жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуы демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара барысында қатысушыларға Конституцияның негізгі ережелері мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың басым бағыттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Жастар еліміздің қоғамдық-саяси дамуының өзекті мәселелерін, конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызын талқылап, жалпыұлттық міндеттерді іске асырудағы жастардың рөлі жөнінде пікір алмасты.

Бағдарламаның мәдени бөлімі Ұлттық домбыра күніне арналды. Қатысушыларға домбыраның қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық болмысының ажырамас бөлігі ретіндегі маңызы туралы айтылып, оның ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ерекше рөлі атап өтілді.

Іс-шара аясында дәстүрлі қазақ күйлері орындалып, қонақтар қазақ халқының бай музыкалық мәдениетімен және ұлттық өнерінің терең рухани мазмұнымен танысты.

Кездесу ашық әрі сындарлы диалог рухында өтіп, шетелдегі қазақстандық жастардың елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны сақтауға деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Осындай іс-шаралар шетелдегі қазақстандық қауымдастықтың бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал етеді.