Майндағы Франкфуртта Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті

Майндағы Франкфуртта Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 25 сәуір – Көктемнің жаңаруымен қатар жүретін Көрісу дәстүрінің жылылығы Майндағы Франкфурт төрінде ерекше сезілді. Шетелде жүрген отандастар бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасып, Наурыз мерекесін бірге қарсы алды. Осы рухани үндестік аясында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы мен «Отандас» қауымдастығының ұйымдастыруымен Франкфурттің көркем табиғатты Lohr паркінде көктемнің жаңаруын бейнелейтін ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Табиғатпен үйлескен қазақы думан қонақтарға ерекше әсер сыйлап, мерекенің мәнін тереңдетіп, көңілдерін көтере түсті.

Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасында тұратын қазақстандық диаспора өкілдері, отандастар, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары қатысты (шамамен 250 адам).

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Тауболды Умбетбаев құттықтау сөз сөйлеп, Наурыз мерекесінің ұлттар арасындағы татулық пен келісімді, сондай-ақ дәстүр сабақтастығын айқындайтын маңыздылығын атап өтіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан жаңа реформалар, жаңа Конституция және «Таза Қазақстан»науқаны  туралы ақпарат берді.

Мәдени бағдарлама аясында вокалдық және хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Іс-шараның негізгі көрнекі бөліктерінің бірі әртүрлі жас санатындағы қатысушыларды біріктірген «Қара жорға» жаппай флешмобы болды.

Сонымен қатар, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенді қатысуына мүмкіндік жасалды. Жүлдегерлерге Қазақстан туралы кітаптар, сыйлықтар, кубоктар мен медальдар табысталды. Іс-шара барысында Қазақстанның мәдениеті, дәстүрлері және ұлттық тағамдары таныстырылған тақырыптық алаңдар жұмыс істеді.

Көктемнің шаттығы мен ұлттық рухы тоғысқан бұл мереке Франкфурт қаласында ұмытылмас жылы әсер қалдырды. Бас консулдық «Отандас» қауымдастығына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ барлық қатысушылар мен қонақтарға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіреді.