
Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 24 ақпан– Бүгін Германияның қаржы астанасында «Kazakhstan Investment Day» инвестициялық форумы өтті.
Германияның Kreditanstalt für Wiederaufbau (KfW) банкі мен Германия экономикасының Шығыс комитеті Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырған іс‑шараға неміс компанияларының, салалық қауымдастықтардың, қаржы институттары мен банк секторларының шамамен 200 өкілі қатысты.
Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елдің индустриялық саясатының басымдықтарын таныстырып, экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өнеркәсіпті және инфрақұрылымды дамыту, сондай‑ақ шетелдік инвестицияларды тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Ол Германия инвесторлары үшін қолайлы жағдай жасауға және бірлескен экономикалық әрі индустриялық жобаларды іске асыруға Қазақстанның дайын екенін ерекше атап өтті.
Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрлігінің статс‑хатшысы Томас Штеффен ҚР мен ГФР экономикалық ынтымақтастығын одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның Германия үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретіндегі рөлін, соның ішінде энергетика, шикізат ресурстары және орнықты жеткізу тізбектері салаларындағы маңызын атап көрсетті.
KfW басқарма мүшесі Кристиане Лайбах Қазақстандағы инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды қолдауды қоса алғанда, қаржылық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына назар аударып, банк Қазақстанның экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов Германия бизнесінің Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтіп, форумның екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытудағы маңызын ерекше көрсетті және қазақстандық тараптың инвестициялық ынтымақтастықты жан‑жақты қолдауға дайын екенін растады.
Форум аясында «Өнеркәсіп, шикізат, логистика» және «Неміс, еуропалық және қазақстандық инвесторларға арналған қаржыландыру құралдары» тақырыптарында панельдік пікірталастар өтті. Қатысушылар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың практикалық мәселелерін, өнеркәсіптік және технологиялық кооперация мүмкіндіктерін, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай‑ақ жобаларды қаржыландыру тетіктерін талқылады.
Іс‑шара барысында қазақстандық делегация Германия компанияларымен екіжақты кездесулер өткізді. Олар Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік, шикізаттық және технологиялық секторларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді. Сонымен қатар, «KfW IPEX‑Bank» пен «Solidcore Resources plc» компаниясы арасында «Ертіс гидрометаллургия комбинаты» инвестициялық жобасын іске асыруға бағытталған 100 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаржыландыру туралы ниеттестік жөніндегі келісім (Term Sheet) қол қойылды.
Форумның өткізілуі Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға екі тараптың да мүдделі екенін айқын көрсетті.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Германия Федертивтік Республикасындағы Елшілігі
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1168594?lang=kk