
2025 жылғы 10 желтоқсан, Висбаден – Hessen Trade&Invest қолдауымен Висбаден қаласында 2026 жылғы сәуір айында Астана қаласында өтетін Халықаралық машина жасау көрмесіне неміс бизнес ортасының қатысуын пысықтау және осы бағыттағы серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында «Қазақстан – Гессен. Машина жасау» атты дөңгелек үстел өтті. Шара мемлекеттік құрылымдардың, салалық қауымдастықтардың, қаржы институттарының және Қазақстанмен өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға мүдделі жетекші неміс компанияларының өкілдерін бір алаңға жинады.
Кездесуді Hessen Trade&Invest Басқарушы директоры Dr. Rainer Waldschmidt ашып, Гессен бизнесінің Орталық Азияның негізгі нарықтарымен өзара іс-қимылға деген өсіп келе жатқан қызығушылығын атап өтті.
Негізгі баяндамаларды Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев және Қазақстанның Берлиндегі Елшілігінің кеңесшісі Миржан Баймаханов жасап, Қазақстанның Германия үшін сенімді өнеркәсіптік және инвестициялық әріптес ретіндегі орнықтылығын айқындады.
Экономикалық және қаржылық бөлімді AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH Президенті Marck Wengrzik, экспорттық жобаларды қаржыландыру тетіктерін таныстыруымен; AHK Орталық Азия делегаты Eduard Kinsbruner, Қазақстандағы ағымдағы нарықтық жағдай мен іскерлік ахуалға шолу жасаумен, сондай-ақ VDMA өкілі Monika Hollacher, Қазақстанның машина жасау секторындағы өсім қарқыны мен неміс компаниялары үшін ашылып отырған жаңа мүмкіндіктерді атап өту арқылы жалғастырды.
Қатысушылардың ерекше назарын өңірдегі неміс бизнесінің табысты қызметінің мысалы ретінде SIEMAG TECBERG Group компаниясының тәжірибесі аударды. Сонымен бірге 2026 жылдың сәуір айында өтетін Machinery Fair Kazakhstan көрмесіне гессендік компаниялардың алдағы іскерлік миссиясын ұйымдастыру форматы таныстырылды.
Дөңгелек үстел Гессен өнеркәсібінің жоғары инвестициялық тартымдылығы бар және заманауи технологиялық шешімдерге айтарлықтай сұраныс танытатын нарық ретінде Қазақстанға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті.
Іс-шара Гессен мен Қазақстан арасындағы әр бағыттары (ауыл шаруашылығы, су өндірісі, жер қойнауын игеру технологиялары және т.б.), оның ішіндегі негізгі машина жасау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту аясында байланыстар орнату, салалық тәжірибе алмасу және жаңа мүмкіндіктерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды.