Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады

1 желтоқсан, Майндағы Франкфурт – Германия Машина жасаушылар одағының (VDMA, штаб-пәтері Майндағы Франкфурт қаласында орналасқан) қолдауымен VDMA Landtechnik ТМД өңірлік тобының кезекті отырысы өтті. Кездесудің негізгі фокусы Германия үшін Орталық Азиядағы негізгі әріптес ретіндегі Қазақстанның әлеуеті және екіжақты экономикалық байланыстарды әрі қарай дамыту болды.

Іс-шараға Германияның мемлекеттік құрылымдарының, іскер және сарапшылық қауымдастықтарының өкілдері, соның ішінде аграрлық сектордың 20-дан астам компаниясы қатысты. Отырыс барысында агроөнеркәсіптік кешеннің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту бағыттары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында Қазақстан мен Германия арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

Арнайы назар Қазақстан нарығындағы қазіргі үрдістерге, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сараптамалық пікір алмасуға, сондай-ақ аграрлық секторды цифрландыру және трансшекаралық жобалардың тиімділігін арттыру перспективаларына аударылды.

Қазақстанның Бас консулы Тауболды Үмбетбаев өз сөзінде Қазақстанның Германия үшін Орталық Азиядағы сенімді әріптес екенін және өнеркәсіптік әрі инновациялық кооперацияны одан әрі тереңдетуге дайындығын атап өтті. Ол агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсімін, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің артуын және оның халықаралық нарықтардағы кеңеюін айтты. Сонымен қатар, дипломат Қазақстанның ірі нарықтарға қолжетімділігі, дамыған көлік-логистика инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы сияқты артықшылықтарын, сондай-ақ олардың неміс технологиялық құзыреттерімен синергиясын ерекше атап көрсетіп, дипломат неміс компанияларын алдағы салалық іс-шараларға қатысуға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға шақырды.

Отырыс барысында Томас Валленборн (VDMA Landtechnik), Эдуард Кинсбруннер (AHK Zentralasien – Германия экономикасының Орталық Азиядағы делегациясы), Қайрат Сұлтанбеков (AGRIN Limited), Фридеманн Крафт (Германияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік федералдық министрлігі — BMLEH), сондай-ақ Михаэль Квиринг (Rödl & Partner, Орталық Азия) сөз сөйледі.

Томас Валленборн өз сөзінде жаһандық экономикалық жағдай мен ауыл шаруашылығы техникасы саласындағы тенденцияларды талқылады, негізгі инвестициялық мүмкіндіктерді атап көрсетті.

Эдуард Кинсбрунер (Орталық Азияға арналған Германия экономикасы делегациясы) Қазақстан нарығын зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ол агросектордың перспективалы салаларын, бизнесті құру және жүргізудің нақты кезеңдерін, сондай-ақ халықаралық бизнес үшін мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі баяндады, бұл қатысушыларға жергілікті іскерлік ортаны практикалық тұрғыдан түсінуге мүмкіндік берді.

Михаэль Квиринг (Rödl & Partner) Қазақстандағы ең жақсы құқықтық және салық тәжірибелерін таныстырды, бизнесті жүргізудің құқықтық ерекшеліктерін, қолжетімді жеңілдіктерді және инвестицияларды қорғау жолдарын атап көрсетті.

Сондай-ақ, бағдарламаға агробизнес үшін цифрлық платформалар туралы баяндамалар (Кайрат Султанбеков, AGRIN Limited) және BMLEH Central Asia қызметі туралы ақпарат (Фридеманн Крафт, BMLEH) кірді.

Шара соңында қатысушылар бейресми жағдайда өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, серіктестікті дамытуға бағытталған келешек қадамдарды белгіледі.

Алты сағаттық талқылау Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды кеңейтуге екі жақтың да мүдделілігін растады.