
Майндағы Франкфурт, 2025 жылғы 16 қазан – Германияның Майндағы Франкфурт қаласында әлемдегі ең ірі әрі беделді кітап көрмелерінің бірі — 77-ші «Frankfurter Buchmesse 2025» халықаралық кітап жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Бұл халықаралық деңгейдегі маңызды мәдени шараға Қазақстан Республикасы жыл сайын дәстүрлі түрде қатысып келеді. Биыл да еліміздің әдебиет және баспа саласы аталған алаңда өзінің мазмұнды әрі кең ауқымды өкілдігімен танылуда.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Ұлттық стенд қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік, танымдық және рухани әлеуетін танытатын, халықаралық оқырман қауымға бағытталған жаңа бағыттарды қамтитын платформа ретінде ұсынылды. Мұнда 350-ге жуық отандық кітап пен жаңа басылымдар қойылып, шетелдік мамандар мен оқырмандардың назарына ұсынылды.
Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспа мен әдебиет өкілдері қатысуда. Олардың қатарында еліміздің жетекші баспалары — «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe & World Publishing», «Эверо», «Kazformoms», «AmalBooks» және басқа да ұйымдар бар. Делегация мүшелері халықаралық баспагерлермен іскерлік кездесулер өткізіп, әдебиет саласындағы бірлескен жобалар бойынша келіссөздер жүргізуде.
Көрменің алғашқы күні Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев Ұлттық стендке арнайы келіп, қазақстандық делегациямен кездесті. Бас консул жәрмеңкеге қатысушы шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тілеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық деңгейде насихатталуына тілектестігін білдірді.
Көрме аясында Қазақстанның әдеби мұрасына ерекше назар аударылды. Ұлттық стендте «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» атты жеті тілге аударылған еңбектің тұсаукесері өтіп, ұлы ойшылдың рухани-танымдық мұрасы әлемдік деңгейде кеңінен насихатталды. Сондай-ақ оқырман назарына қазақтың алғашқы романы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасы ұсынылды. Бұл туынды — қазақ әйелінің тағдыры арқылы тұтас ұлттың тарихи-әлеуметтік болмысын бейнелейтін мәңгілік шығарма.
Көрме аясында белгілі академик, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Оразалы Сәбденнің ғылыми және философиялық еңбектерінің кең көлемді таныстырылымы өтті. Ғалым жәрмеңкеге 11 ғылыми еңбегін алып келді, оның ішінде 7 кітап ағылшын тілінде жарық көрген. Бұл — ғалымның халықаралық ғылыми ортадағы беделін айғақтайды.
Кембридж университетінде ағылшын тіліне аударылып жарық көрген «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация» («Abai, Kazakhstan’s Future and the World Civilization») атты философиялық еңбегі таныстырылды. Бұл кітап қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы 200 университетіне таралып, Абай мұрасын жаһандық өркениет контексінде ұсынған бірегей зерттеу ретінде жоғары бағалануда.
Сондай-ақ, автордың Кембриджде басылып шыққан екінші еңбегі – "The Conceptual Strategy for Humankind’s Survival in the XXI Century and Food Security" XXI ғасырдағы жаһандық даму, қауіпсіздік, азық-түлік тұрақтылығы сынды өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда талдайды. Еңбектің маңыздылығы мен жаңашылдығы Нобель сыйлығының лауреаты С. Тимашевтен оң бағасына ие болды.
Академиктің Абайдың 180 жылдығына орай жазған "Abai and the Thoughts of the Academician" атты еңбегі қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көріп, Абай дүниетанымын қазіргі қоғамдық даму аясында жаңаша пайымдауға жол ашады. Бұл еңбекте «Абайға оралу – моральға оралу» идеясы алдыңғы қатарға шығып, қазақ қоғамын ізгілендіру мен рухани жаңғыру мәселелері көтеріледі. Автор Абайдың «Толық адам» концепциясын ұлт тәрбиесінің іргетасы ретінде ұсынады.
Сонымен қатар, академиктің "Book of Thoughts" атты еңбегінде өмірдің түрлі салаларына қатысты ойлы тұжырымдар, ұсыныстар мен жобалар қамтылған. Бұл жинақ – интеллектуалды даму мен рухани кемелденуге бағытталған терең пайымдардың көрінісі.
«Әлем, Түркі өркениеті, Қазақстан және болашақ тұжырымдамасы» атты философиялық-әлеуметтік еңбекте түркі халықтарының тарихи даму үрдісі, Қазақстанның жаһандық өркениеттегі орны және ұлттық руханияттың болашағы туралы терең талдаулар берілген.
Академиктің басқа да маңызды еңбектері қатарында «Әлем, Абай, Қазақстан жолы», «Что делать? (Казахстанский путь развития (1990-2025 гг.)», «Өркениеттің жаңа дәуірі» сияқты кітаптары бар. Бұл еңбектерде Қазақстанның тарихи даму жолы, тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік стратегиялар және өркенниеттік бағдар мәселелері кеңінен қамтылады.
Жәрмеңке күндері Канада, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Дания, Германия және Ұлыбритания елдерінің баспагерлері Қазақстан стендімен танысып, өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Қазақ әдебиетінің аудармалары, балалар әдебиеті, оқулықтар мен электронды оқу құралдары шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Франкфурттегі бұл көрме Қазақстанның мәдениетаралық диалогтағы белсенді рөлін, ұлттық әдебиетіміздің әлемдік кеңістікте лайықты орнын айқындап, жаңа шығармашылық және кәсіби байланыстардың орнауына жол ашуда.