Қазақстан Республикасының күніне орай Саар өңірін тербеткен қазақ сазы

Қазақстан Республикасының күніне орай  Саар өңірін тербеткен қазақ сазы

Саарбрюккен, 2025 жылғы 14 қазан – Германияның Саарбрюккен қаласында «25 қазан – Қазақстан Республикасы күніне» арналған салтанатты мәдени шара өтті. Кеш аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Қазақ елі» ансамблі мен өнер шеберлері «Қазақстан – құтты мекенім!» атты мазмұнды концерттік бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы мен Саар өңірлік өнеркәсіп-сауда палатасы (IHK Saarland) бірлесе ұйымдастырды. Бұл шара Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, екі ел арасындағы достық көпірін одан әрі нығайта түсті. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен рухани мұрасын дәріптеген бұл кеш көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Мәдени кешке Саар жері билігінің, мәдениет,  өнер және білім салаларының өкілдері, Германиядағы қазақ диаспорасының мүшелері, жергілікті іскерлік қауымдастық, сондай-ақ Саарбрюккен тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Кештің ашылуында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар мен жоғары деңгейдегі өзара сенімнің дамуына тоқталды:

«Қазақстан мен Германияны көпжылдық тығыз әрі сенімді қарым-қатынас байланыстырады. Германия – біз үшін Еуропадағы стратегиялық әріптес. Бүгінде бұл байланыс тек саясат пен экономика аясында ғана емес, мәдениет, білім, ғылым салаларында да кең өріс алып келеді. Бүгінгі мәдени кеш – осы серіктестіктің жүрекке жылы, шынайы көрінісі. Өнер – халықтар арасындағы жүректен жүрекке жол табатын ең қуатты құрал», – деді Таубалды Умбетбаев.

Сонымен қатар, IHK Saarland Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас атқарушы директоры доктор Франк Томе Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:

«Саарланд пен Қазақстан арасындағы сауда көлемі соңғы жылдары едәуір артты. Біз өзара тиімді экономикалық жобалармен ғана шектеліп қалмай, бүгінгідей мәдени іс-шаралар арқылы да достық пен өзара түсіністікті тереңдетуге мүдделіміз. Өнер – экономикалық әріптестікті де, адами байланысты да жандандыратын ортақ тіл», – деді доктор Томе өз сөзінде.

Сахна төрінде өнер көрсеткен Жамбыл өнерпаздары неміс көрерменін ұлттық әуенмен тербетіп, домбыра, жетіген мен қобыздың үні арқылы қазақ даласының терең философиясы мен тұмса табиғатын сезіндіре алды.

Кештің репертуары қазақ классикасы мен заманауи шығармаларды, халық күйлері мен әлемдік туындыларды қатар қамтыды. Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» мен «Көзімнің қарасы», Құрманғазының «Серпері», Қазанғаптың «Ақжелеңі», сондай-ақ Paul Lincke-нің әйгілі «Berliner Luft» туындысы – барлығы жоғары кәсіби деңгейде орындалып, мәдениеттер үндестігін ерекше сездірді. Концерттің финалында орындалған «Атамекен» әні – көрермендерді ерекше тебірентіп, залда шынайы ұлттық мақтаныш сезімін оятты.

Іс-шара екі ел арасындағы достықты, өзара сыйластықты арттыруға, сондай-ақ қазақ өнерін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде тарихта қалмақ.