Вальдбрунн-Мюльбен, 2025 жылғы 1 маусым — Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы Баден-Вюртемберг жерінде орналасқан Zollmann Stutenmilch GmbH қожалығында өткен «Qymyzfest» көктемгі мерекесіне қолдау көрсетті. Мереке аясында 1000-нан астам адам, соның ішінде қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті тұрғындар және Қазақстанның неміс достары қатысып, бірегей мәдени шараға куә болды.
Бұл іс-шара Халықаралық балаларды қорғау күніне және Наурыз мейрамына арналған көктемгі жаңару мен табиғаттың оянуын бейнелейтін символдық іс-шара ретінде өтті. Сонымен қатар, мереке қазақ халқының дәстүрлерін, көшпелі мәдениетін және бірегей ұлттық мұрасын әлемге танытуға бағытталды. Бұл күннің маңызды ерекшелігі — қазақ елінің мәдени құндылықтарын сақтау және оларды халықаралық деңгейде көрсету болды.
Іс-шара қазақ халқының қонақжайлылығы мен ұлттық ерекшеліктерін насихаттап, жылы әрі достық атмосферада өтті. Қонақтар қазақ және жергілікті ас үйінің таңдаулы тағамдарымен дәм татып, қымыз сынды дәстүрлі ұлттық сусынмен танысты. Қымыз сүтінен жасалған құймақтар мен басқа да ұлттық тәттілер де ұсынылды. Қонақтар аттар мен понилерге мініп, бие сауу, қымыз дайындау процестерін көріп, қызықты әрі ауқымды бағдарламасына қатыса алды.
Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Үмбетбаев өз сөзінде мұндай мәдени іс-шаралардың маңыздылығын атап, осындай шаралар қазақ мәдениетінің бай мұрасын сақтау мен насихаттауға, екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтуға үлкен септігін тигізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, бұл шара қазақ диаспорасын бір арнаға топтастырып, Қазақстан мен Германия арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ықпал ететінін айтты.
Zollmann Stutenmilch GmbH — Германияның Оденвальд өңірінде орналасқан, бие сүтін өндірумен және өңдеумен айналысатын танымал отбасылық кәсіпорын. Бұл кәсіптің негізін 1959 жылы неміс дәрігері Рудольф Шторх қалаған. Қазақ даласындағы көшпелі халықтың бие сүтін ем ретінде қолданатынын көріп, ол осы дәстүрді Еуропаға жеткізуді мақсат тұтқан.
Қазір бұл істі оның күйеу баласы Ханс Цольманн (Hans Zollmann) жалғастыруда. Ол — зоотехник әрі ветеринар маман. Жұбайы — Гудрун Цольманн, Рудольф Шторхтың қызы. Осы отбасы мүшелері табиғи, биодинамикалық әдістерге сүйене отырып, сапалы өнім өндіруге күш салып келеді.
Цольманның төрт қызы - Катрин, Штеффи, Йетте және Гудрун - әрбірі отбасылық кәсіпке белсене араласады — бірі мал күтімімен айналысса, бірі сүтті өңдеп, өнім шығарады, енді бірі жарнама мен даму бағытын жүргізеді. Осылайша Цольманндар әулеті дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, емдік қасиеті мол бие сүтін әлемге танытып келеді.
«Qymyzfest» мерекесі – Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен ұлттық мұраны әлемге таныту жолындағы жыл сайын Цольманн әулетімен өткізілетін маңызды шараның бірі.