Франкфурттегі IMEX 2025 халықаралық көрмесінде Қазақстанның іскерлік туризм саласындағы әлеуеті таныстырылды

Франкфурттегі IMEX 2025 халықаралық көрмесінде  Қазақстанның іскерлік туризм саласындағы әлеуеті таныстырылды

Майндағы Франкфурт, 2025 жылғы 22 мамыр — Қазақстан Республикасының Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы Майндағы Франкфурт қаласында өтіп жатқан IMEX 2025 халықаралық іскерлік туризм көрмесіне барды. Биыл Алматы қаласының Туризм басқармасына қарасты Алматы туризм бюросы бастамасымен көрмеде Қазақстанның ұлттық стенді ұсынылды.

Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Үмбетбаев еліміздің мұндай беделді іс-шараларға қатысуының маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның іскерлік туризм бағытындағы мүмкіндіктеріне әлемдік қауымдастықтың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

— IMEX – бұл туристік әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыратын алаң ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды тұрақты әрі келешегі зор әріптес ретінде қабылдайтын жаһандық қызығушылықтың көрсеткіші. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыстар жан-жақты – экономикадан бастап мәдениетке дейін орнатылған. Осы серіктестікте туризм саласы да өз орнын бекемдеп келеді. Әсіресе Алматы қаласының Орталық Азиядағы іскерлік туризм орталығы ретіндегі әлеуеті артып отырғанын ерекше атап өткім келеді, — деді Бас консул өз сөзінде.

Дипломат Қазақстанның заманауи MICE-туризм бағыты ретінде танымал болуына қосқан үлесі үшін Алматы туризм бюросына алғысын білдірді.

Көрме қонақтарының ерекше ықыласына ие болған сәттердің бірі — домбырамен орындалған дәстүрлі қазақ күйлерінен тұратын шағын музыкалық қойылым болды. Бұл мәдени бағдарлама шетелдік аудиторияны қазақ халқының рухы мен эстетикасымен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік берді.

Алматы туризм бюросының үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қазақстан қазіргі заманға сай инфрақұрылымы, бай мәдени мұрасы және іскерлік туризм саласындағы зор әлеуеті бар ел ретінде халықаралық аренада нық қадам жасауда.