Ереван, 2025 жылғы 20 наурыз – Ереван мемлекеттік университетінде Елші Болат Иманбаевтың университеттің студенттері – Абай атындағы Қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығының тыңдаушыларымен кездесуі өтті. ЕМУ профессорлық-оқытушылық құрамы мен БАҚ өкілдері қатысқан іс-шара Наурыз мейрамын мерекелеуге арналды.
Дәріс барысында Елші Наурыз мерекесінің қазақ халқы үшін маңыздылығы туралы егжей-тегжейлі айтып, ұлттық дәстүрлер мен нышандарға толы Наурызнама форматындағы мерекенің жаңа тұжырымдамасының терең мағынасына тоқталды. Ұлы даланың ежелгі халық мерекесінің қайта жандануы Наурызды мәдени, гуманитарлық және спорттық сипаттағы жарқын әрі мазмұнды іс-шараларға айналдыратыны, олар қазақтың бай және көп қырлы тарихын көрсетіп, туған жердің мәдениеті мен дәстүрлеріне, сондай-ақ жалпыадамзаттық құндылықтарға құрмет ұялататыны атап өтілді.
Мерекенің элементтерімен практикалық танысу мақсатында іс-шараға қатысушылар Елшілік қызметкерлерінің күш-жігерімен дайындалған дәстүрлі тағамдармен сүйсініп танысты, олардың бағалауынша, ежелгі армян «танапур» сорпасын еске түсіретін Наурыз көжеден, бауырсақтан, шелпектен және т.б. дәм татты. Отандастарымыздың орындауында қазақ мәдениетінің інжу-маржандары болып табылатын «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым» күйлері шырқалды. Ұлттық киім мен оның ерекшеліктерінің тарихына қысқаша экскурс жасалып, Қазақстанда Наурызды мерекелеу туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарян студенттерге қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның барлық тұрғындарын «Ұлы Наурыз мерекесімен» шын жүректен құттықтап, оның «ұлы қазақ халқының ұлттық мұрасы» екенін атап өтті.
Абай атындағы орталықтың қазақ тілі пәнінің оқытушысы Шушан Хачатрян қазақ тіліндегі құттықтауында қазақ халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.
Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде қатысушылар Қазақстанның қазіргі заманғы даму үрдістері туралы хабардар етілді, елдің жаңа сын-тегеуріндерге дайындығын білдіретін, оның батылдығын, ілгерілеуін және адам құқықтарына адалдығын көрсететін «Kazakhstan: Born Bold» іске асырылып жатқан медиа-науқанына баса назар аударылды.