«Қазақстан-Армения: бүгіні мен болашағы» - Еревандағы сарапшылық дөңгелек үстел

«Қазақстан-Армения: бүгіні мен болашағы» - Еревандағы сарапшылық дөңгелек үстел

Ереван, 2024 жылғы 20 қарашаҚазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығы аясында Ереванда «Қазақстан-Армения: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Армения Ұлттық Жиналысының, министрліктері мен ведомстволарының, халықаралық ұйымдардың, бизнес қоғамдастығының өкілдері, саясаттанушылары мен жетекші ой орталықтарының сарапшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Елші Болат Иманбаев қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар, қазақ-армян қарым-қатынастарының жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етіп, елдің сыртқы саяси басымдықтары туралы толық ақпарат берді. Осы тұрғыда тақырыптық бейнефильм көрсетілді. Сарапшылар елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда жүзеге асырылып жатқан реформаларды жоғары бағалап, Әділ Қазақстанды құру тұрғысындағы елеулі жетістіктерді атап өтті. Армения Премьер-министрі аппаратының жанындағы Қоғамдық байланыстар және ақпарат орталығының жетекші сарапшысы Джонни Меликянның пікірінше, «Қазақстанның KazAID институтының қызметі шеңберіндегі бейбіт бастамалары мен гуманитарлық белсенділігі Астананың «орта держава» мәртебесін сөзсіз растау болып табылады».

Қатысушылар қазақ-армян ынтымақтастығын дамытудағы қазіргі үрдістерге түсінік бере отырып, екіжақты қарым-қатынастағы ағымдағы жыл атаулы күндер мен мазмұндық мазмұн тұрғысынан да символдық және оқиғаларға толы болып табылатынын атап өтті. Сарапшылардың ойынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арменияға ү.ж. сәуірдегі ресми сапары және жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар өзара іс-қимылға ерекше серпін берді. Армения Президенті Ваагн Хачатурянның биылғы қазан айындағы Қазақстанға ресми сапары Ереванның Астанамен байланыстарды одан әрі нығайтуға деген нық ниетінің айғағы болды. Олардың бағалауынша, қазіргі заманғы екіжақты қарым-қатынастар белсенді саяси диалогпен және сауда-экономикалық қатынастар мен мәдени-гуманитарлық байланыстардың серпінді өсуімен сипатталады. Саяси шолушы, журналист Аршалуйс Мгдесянның пікірінше, «елдер арасындағы белсенді өзара іс-қимыл интеграциялық бірлестіктер шеңберінде тиімді кооперацияға да ықпал етеді».

Атап айтқанда, депутат, Армения Ұлттық Жиналысының «Армения-Қазақстан» достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян елдер арасындағы саяси өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін және армян тарапының екіжақты парламентаралық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі болып табылатын В.Акобян этносаралық саясаттың қазақстандық үлгісінің бірегейлігіне ерекше назар аударды. «Армян диаспорасының өз ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтау үшін қажетті жағдай жасағаны үшін Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді. Олар Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді», - деп атап өтті В.Акобян. Армения Республикасының сыртқы саяси ведомствосының Еуразиялық аймақ департаментінің басшысы Жирайр Ананян Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың өзара қызығушылық тудыратын жаңа мазмұнмен толығып келе жатқан барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Татул Манасерян Қазақстанның экономикалық дипломатия тұрғысынан сыртқы саясатының оң тәжірибесіне назар аударды. Халықаралық сауда палатасының (ICC) Сауда және инвестициялар жөніндегі комиссиясының басшысы Айк Маргарянның айтуынша, «биыл Қазақстанда және Арменияда өткізілген қазақ-армян бизнес-форумдары Астанада армян жобасы – TUMO креативті технологиялар мектебін, Арменияның «Қорғас» ШЫХО-дағы, Алматы және Петропавл қалаларындағы сауда үйлерін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізуге ықпал етті. Армения аумағында ұқсас қазақстандық павильондарды ашу пысықталуда». Сонымен қатар, қатысушылардың бағалауы бойынша, географиялық алшақтық пен қолда бар көліктік логистика тиімді екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастыққа кедергі келтіреді. Осыған байланысты, Қазақстанның сауда-логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, өз кезегінде екі елдің тауар айналымы номенклатурасын әртараптандыруға ықпал ететін оңтайлы көлік бағыттарын айқындау қажет.

Қатысушылар екі елдің сарапшылар топтары арасындағы ынтымақтастықтың жолға қойылғанын ерекше қанағаттанушылықпен атап өтті. Армян тұрақтылық және мемлекеттік басқару институтының құрылтайшысы Геворг Меликянның айтуынша, «ү.ж. мамырда Ереванда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп өткен қазақ-армян сарапшылар форумы және армян сарапшыларының ү.ж. қазан айында бірінші Astana Think Tank Forum атты іс-шараға қатысуы осы саладағы қарым-қатынастарды дамытуға өзара қызығушылықты айғақтайды, сондай-ақ ұлттық мүдделерді ілгерілету жөніндегі ұсыныстар мен жаңа тәсілдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік жасайды».

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Армения арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту жөнінде пікір алмасу мақсатында осындай іс-шараларды өткізу практикасын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.