Қазақстандық кәсіпкерлер бизнес-миссиямен Арменияға келді

Қазақстандық кәсіпкерлер  бизнес-миссиямен Арменияға келді

Ереван, 2024 жылғы 27 наурыз – Ақпараттық технологиялар, құрылыс, туризм және логистика салаларын ұсынатын 20-дан астам отандық компаниялардың өкілдері Арменияға бизнес-миссиямен келді. 27 наурызда Арменияның Экономика министрлігі мен Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының қолдауымен армян бизнес-қоғамдастығымен, іскер топтармен және салалық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өтті. Елші Болат Иманбаев өз сөзінде қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырып, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және ҚР экспорттық әлеуетіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, соңғы бес жылда екіжақты саудадағы үш еселенген өсім Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуде тараптардың өзара қызығушылығын айқын көрсететіні атап өтілді.

«Біздің елдеріміздің орасан зор ғылыми-технологиялық әлеуеті бар және осы тұрғыда бүгінгі іс-шара мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдері үшін тиімді алаң болып табылады, онда біздің экономикалық қатынастарымызды дамыту мен тереңдетудің одан әрі қадамдарын нақты талқылауға болады», - деп атап өтті Армения Экономика министрлігінің өкілі Армен Еганян. «Астана» дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметовтың айтуынша, сапардың басты мақсаты Арменияның әлеуетін зерделеу және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздеу болып табылады.

Іс-шара барысында қатысушыларға екі елдің инвестициялық және іскерлік ахуалы ұсынылды, B2B кездесулер өткізілді және кезекті кездесуді Қазақстанда өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарларды іске асыру мақсатында «Астана» дипломатиялық клубы мен Армения Өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Екі елдің іскер топтарының өкілдері қазақ-армян бизнес-клубын құруға қызығушылық танытты. Жергілікті нарықты зерделеу шеңберінде қазақстандық компаниялар Жоғары технологиялық өнеркәсіп, Білім, ғылым, мәдениет және спорт, Ішкі істер министрліктерінің, Ереван қаласы мэриясының басшылығымен келіссөздер жүргізуді және Ұлттық кәсіпкерлік және инновациялар орталығына, TUMO креативті технологиялар орталығына, сондай-ақ Армения өңірлеріндегі кәсіпорындарға баруды жоспарлап отыр.