Арменияның дипломатия мектебінде Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берді

Арменияның дипломатия мектебінде Қазақстандағы реформаларға жоғары баға берді

Ереван, 2022 ж. 27 маусым - Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения СІМ Дипломатия мектебінің Ректоры Вага Габриелянмен кездесіп, дипломатиялық кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформациясына бағытталған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі қағидалары, сондай-ақ ү.ж 5 маусымда өткен ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумның қорытындылары туралы хабардар етті. Өз кезегінде В.Габриелян Мемлекет басшысының бастамаларын жоғары бағалап, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Жаңа Қазақстанды құру және реформаларды жүргізудегі ҚР басшылығының дәйекті бағытын атап өтті.

Кездесу барысында екі елдің дипломатиялық институттары арасында байланыс орнату мүмкіндіктері де қарастырылды. АР СІМ Дипломатиялық мектебінің Ректоры ҚР дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, қазақстандық дипломатияның жоғары деңгейі мен жетістіктеріне назар аударды. Ол сондай-ақ ү.ж Армения мен Қазақстан дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтетінін және армян тарапы екіжақты және көпжақты форматтағы, оның ішінде гуманитарлық-білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін хабарлады.