Армения астанасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Армения астанасында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

Ереван, 2021 ж. 13 қыркүйек – Қазақстанның Армениядағы Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға саясаткерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, сондай-ақ Армения Республикасы Ұлттық Жиналысы мен мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелге қатысушылар Жолдаудың мазмұнын талқылай отырып, Қазақстанның пандемиядан кейінгі кезеңдегі дамуын, сондай-ақ ҚР-дағы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүргізудегі дәйекті бағытын атап өтті.

Саясаттанушы Арам Сафарян Арменияда Қазақстанның серпінді дамуын әрдайым мұқият қадағалап отыратынын және қазақстандық экономикалық өсу көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге шыққанын хабарлады. Жолдаудың мазмұны мен тереңдігін жоғары бағалай отырып, сарапшы ҚР басшылығының денсаулық сақтау, білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру және адам құқықтарын қорғау салаларындағы реформаларды жүргізудегі жүйелі тәсілдерін атап өтті. «Арминфо» ақпарат агенттігінің бас директоры Эммануил Мкртчяннің пікірінше, Жолдау ішкі саяси міндеттерді шешумен бірге жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көпжоспарлы тәсілін айқындайды. Әлемнің басқа елдеріне үлгі бола алатын Қазақстанның ұлтаралық саясат, толеранттылық және конфессияаралық келісім қоғамын құру саласындағы тәжірибесі ерекше атап өтілді. Іс-шараны қорытындылай келе, ҚР Елшісі Болат Иманбаев Қазақстанның әлеуметтік стандарттар мен халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған саяси модернизация мен экономикалық реформалар жолында сенімді қадамдар жасап келе жатқанын хабарлады.