Армениядағы Қазақстан Елшілігінде Наурыз мерекесі атап өтілді

Армениядағы Қазақстан Елшілігінде Наурыз мерекесі атап өтілді

«Наурызнама» онкүндігі аясында Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Елшілігінде Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шара өтті. Оған Ереван мемлекеттік университетінің студенттері - Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының тыңдаушылары, профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Армениялық қонақтарға көктем мерекесі - Наурызға тән қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары таныстырылып, мерекенің мәдени және тарихи маңызы туралы бейнематериалдар көрсетілді. Қатысушылар Елшілік қызметкерлері дайындаған ұлттық тағамдардан дәм татты, оның ішінде Наурыз көже, бешбармақ, бауырсақ және шелпек болды. Балалардың орындауында «Көзімнің қарасы» әні, сондай-ақ «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым» және «Алаш ұраны» күйлері шырқалды. Ерекше қызығушылық «Тұсау кесер» және «Шапан сыйлау» дәстүрлеріне ауды, олар адамның өмір жолын және құрмет пен сыйластықты білдіреді.

Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарян Наурыздың Қазақстанның рухани мұрасы мен ұлттық болмысының маңызды бөлігі екенін атап өтіп, армян және қазақ халықтарының тарихи-мәдени байланыстары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың негізі екенін айтты. Қонақтар арасында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық емес мәдени мұраның маңызды элементі болып табылатын «Асық ату» ұлттық ойыны ерекше қызығушылық тудырды.