
Қазақстан Республикасының Елшісі Б. Иманбаев Армения Республикасының Қоршаған орта министрі А.Матевосянмен кездесті.
Сұхбат барысында өңірлік және жаһандық экологиялық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммит климаттық саясат, су қауіпсіздігі және орнықты даму салаларында өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруге арналған маңызды алаң ретінде атап өтілді. Сондай-ақ оның қорытындылары үстіміздегі жылдың қазан айында Ереванда өтетін БҰҰ Биологиялық әртүрлілік туралы
конвенциясы Тараптарының 17-ші конференциясына (COP-17) мазмұнды дайындық жасауға ықпал етуі мүмкін екені айтылды.
Халықаралық күн тәртібінде басым орын алатын су ресурстарын орнықты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруді нығайтуға және су ресурстарын ұтымды пайдаланудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы талқыланды. Өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары ретінде сарапшылар алмасу, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және тәжірибе алмасу, соның ішінде экожүйелер мен биоәртүрлілікті сақтау мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тұрақты диалогты қолдауға дайын екендерін растады.