Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында, алдымен, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралды. Депутаттар атап өткендей, Келісімді іске асыру көші-қон саласындағы заңдылық режимін нығайтуға, екі ел азаматтарының уақытша болуына қолайлы жағдай жасауға және Қазақстан мен Арменияның құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Құжатта көрсетілген нормаларға сәйкес екі ел азаматтарының мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Сонымен бірге екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болғандар 30 күнге дейін тіркеусіз болу мүмкіндігі қарастырылған. Осы шаралардың барлығы уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, саяси және экономикалық байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ, екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған.
«Қаралған заңдар Қазақстан мен Армения арасында көші-қон процестерін құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осыған байланысты елдеріміз статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратпен алмасуға келісті. Сондай-ақ азаматтарымыздың жайлы сапары үшін жағдай жасалуда. Соған сәйкес, бұдан былай қазақстандықтар Арменияға жеке куәлік арқылы бара алатын болады. Алдағы уақытта мақұлданған заңдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.