Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы екі келісімді ратификациялады

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы екі келісімді ратификациялады

3 қыркүйек, Астана қаласы, Мәжіліс үйі. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің VIII шақырылымдағы төртінші сессиясының бірінші жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Армения үкіметімен арадағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық және сапарлар мен азаматтардың болу тәртібі туралы келісімдерді ратификациялады.

Құжаттар жөнінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасады. Ол Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға ресми сапары аясында 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойылғанын және оны Армения ратификациялағанын айтты.

Келісімде бір ел аумағында орналасқан екінші ел азаматтары және көші-қон заңнамасының анықталған бұзушылықтары туралы статистикалық мәліметтермен, ақпараттармен алмасу қарастырылған. Бұл ақпарат елдерге қос азаматтықпен күресу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет.

– Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық және өзара ақпарат алмасу 1998 жылғы 6 наурыздағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастығы туралы қолданыстағы келісімнің негізінде жүзеге асырылады. Оның нормалары жалпы сипатта болатынын ескере отырып, мемлекеттік саясаттың тұжырымдамалық негіздерін жаңарту қажеттілігі туындады. Қарастырылып отырған келісім тараптарға еңбек ресурстарын тарту саласында мемлекеттік органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, – деді жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колода.

Қазақстан тарапынан құзырлы органдар Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Армения жағынан – Полиция және Ішкі істер министрлігінің Көші-қон және азаматтық қызметі болады.

Сондай-ақ 2024 жылдың 15 сәуірінде Ереван қаласында азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісім жасалды. Оның аясында Қазақстан мен Армения азаматтары екінші елде 30 күн болған соң полицияда тіркелуге міндеттеледі. Бүгінде олар полицияның белгісінсіз 90 күнге дейін тұра алады. Бұл норманы енгізу көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырады.

 – Сондай-ақ Келісімде, ұлттық заңнамаларға сәйкес, 90 тәуліктен астам елде болу мерзімін ұзарту мүмкіндігі көзделген. Ол үшін уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті. Осылайша екі жақ үшін визалық режим алынып тасталды, – деді Ішкі істер министрі Е.Сәденов.

Сонымен қатар жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колода уақытша тұруға рұқсат алу үшін жұмыс, емделу, оқу, отбасын құру, кәсіппен айналысу негіз болатынын атап өтті.

 Бұл ретте шетелге шығуға арналған құжаттар тізімі кеңейтіледі. Енді оған Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік және Армения азаматтары үшін жеке сәйкестендіру кіреді. Осылайша қазақстандықтар Арменияда ішкі құжатпен жүре алады. Бұрын мұндай ережелер тек Ресей мен Қырғызстанға бару үшін жарамды болатын.

https://mazhilis.parlam.kz/kk/multimedia-center/news/16946