Технологиялық көшбасшылық және кооперация: Қазақстан TNF-2025 форумында

Технологиялық көшбасшылық және кооперация: Қазақстан TNF-2025 форумында

2025 жылғы 17 қыркүйек, Түмен - ҚР Энергетика вице-министрі Қ.Арымбек Түмен өнеркәсіптік-энергетикалық форумы - TNF 2025 шеңберінде өткен «Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы» атты стратегиялық сессияға қатысты.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация құрамына Қазақстанның Екатеринбургтегі Бас консулы Ж.Мамутбеков, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, оның еншілес ұйымдары, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен басқа да салалық құрылымдардың өкілдері кірді.

Сессия барысында вице-министр Құдайберген Арымбек Ресей мұнай-газ саласында Қазақстан үшін негізгі серіктес болып қалатынын назарға ала отырып, екі ел арасындағы стратегиялық сипаттағы қарым-қатынасты атап өтті. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі бірлескен жобалар қатарында:

- «Қаламқас-Хазар» (ҚМГ және «Лукойл»);

- жылына 1,25 млн тонна өнім өндіретін «Полиэтилен» жобасы («Сибур» және Sinopec қатысуымен);

- «Каратон Подсолевой» – күрделі геологиялық барлау жобасы («Татнефть» қатысуымен).

Вице-министр жабдықты локализациялау мен бірлескен өндірістерді дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.

Сессия қорытындысы бойынша екі келісімге қол қойылды:
- Түмен облысының мұнай-газ кластері қауымдастығы мен Petrocouncil арасындағы;
- Түмен облысының инновациялық даму агенттігі, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және Petrocouncil арасындағы.

Сондай-ақ, вице-министр бұрғылау және ұңғымаларды аяқтау жабдықтарын шығаратын жаңа зауыттың салтанатты ашылуына қатысты.

Форум EXPO TNF көрмесі мен «Технологиялық көшбасшылық: күш біріктіру» атты пленарлық сессиямен жалғасты. Бұл алаңда инновациялық шешімдер мен отын-энергетика кешенінің стратегиялық даму басымдықтары сөз болды.