Тәжікстанда академик Қаныш Сәтпаевты еске алу шарасы өтті

Тәжікстанда академик Қаныш Сәтпаевты еске алу шарасы өтті

Душанбе, 2025 жылғы 11 сәуір – Геология, сейсмологиялық құрылыс және сейсмология институтында тәжік академиялық ғылымының қызметін ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан, сонымен қатар бүкіл Орталық Азия аймағында геологиялық зерттеулермен танымал, Тәжікстан Ғылым Академиясының тұңғыш құрметті академигі, көрнекті қазақстандық ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың естелік мемориалдық тақтасының жанына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан Ұлттық Ғылым Академиясының Вице-Президенті Ильхом Амонзода, Тәжікстанның Геология, сейсмологиялық құрылыс және сейсмология институтының басшылығы мен ұжымы, Қазақстан елшілігінің қызметкерлері, ғылыми қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.

Өзінің сөзінде Елші У.Төреханов Ұлттық ғылым академиясы мен институт басшылығына Қ.Сәтпаевты тәжік жерінде еске алуға мүмкіндік берген іс-шараны ұйымдастыруға ықпалдастық көрсеткені үшін алғыс айтып, ғылым саласындағы қазақ-тәжік қатынастарының серпінді дами беретініне сенімдік білдірді.

Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті И.Амонзода Қ.Сәтпаев қызметінің Тәжікстандағы үлкен рөлін, сонымен бірге оның өмірі, ғылымға қызмет етуі тек жас геологтар ұрпағына ғана емес, одан басқа да ғылым бағыттарында да үлгі екенін және болашақта да үлгі болатынын атап өтті.

Қ.Сәтпаевтың естелік мемориалдық тақтасы 2018 жылы 13 сәуірде Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің бастамасымен Тәжікстан және Ұлттық ғылым академиясы басшылығының қолдауымен ашылған болатын.