Тәжікстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған брифинг өтті  

Тәжікстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған брифинг өтті   

Душанбе, 2023 жылғы 12 мамыр. Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның 2023 жылғы 3-4 мамырда өткен Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындыларына арналған Тәжікстан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Өз сөзінде Елші У.Төреханов қатысушыларды мемлекеттік сапар барысында болған іс-шаралар туралы хабардар етті, оның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон арасындағы табысты келіссөздерді атап өтті, олар елдер арасындағы ынтымақтастықтың ерекше сипаты мен үлкен перспективаларын тағы да растады.

Қазақ дипломаты екі мемлекет көшбасшылары саяси диалогты, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту шеңберіндегі қарым-қатынастарды тереңдету, сондай-ақ көпжақты және өңірлік құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл, оның ішінде қауіпсіздік саласындағы өзекті халықаралық проблемалар және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін жан-жақты талқылағанын атап өтті.

Брифинг соңында Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің басшысы журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Елшіліктің Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды жариялаудағы қызметіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді, сондай-ақ одан әрі бірлескен нәтижелі жұмыс тіледі.