2021 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, оның барысында Тәжікстан басшысы Елбасын және оның атынан бауырлас Қазақстан халқын тарихи мерейтойымен — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Тәжікстан президенті Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның мемлекеттілігінің қалыптасуындағы зор үлесін жоғары бағалады.
"Қазақстанның тәуелсіздікті нығайту жолындағы жетістіктері Сіздің есіміңізбен және сіздің көп жылғы дана басшылығыңызбен тығыз байланысты, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы", - деп атап өтті осыған байланысты Эмомали Рахмон.
Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі жекелеген өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.