Бүгін, 29 сәуірде қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың (1906-1968) туғанына 115 жыл толды.
Отызыншы жылдары халық композиторларының еңбектерін ерінбей іздестіріп, еліміздің шалғай жерлеріне барып, шашылып жатқан асыл қазынамызды жинақтап, халықтың мұрасына айналдырған Ахмет Қуанұлының еңбегі ұшан-теңіз.
Көне музыкалық шығармаларды жүйелеу арқылы Қазақ операсының әуеніне арқау етіп, классикалық өнеріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қоса білген де Ахаң еді.
Жалпы Жұбановтар әулеті дарын қонған, тектілік қасиеті бар ұрпақ. Олай дейтініміз, Құдайберген тіл білімі саласын зерттеген профессор, Ахмет өнер саласындағы бірінші академик. Ал Ахметтің қызы Ғазиза Жұбанова қазақ әйелдерінің ішінен шыққан бірінші кәсіби композитор, Ақаңның жиені Алан Бөрібаев дарынды дирижер. Басқа сан-саланы меңгерген мамандар да жеткілікті.
Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында Ақжар деген жерде дүниеге келген. Шұрайлы жері, тау-тасы, өзені бар табиғат аясында дүниеге келіп, қазақтың күй өнеріне құштар болып өскен ол білім қуып 1929 жылы Глинка атындағы музыка техникумында А.А.Этигонның скрипка класында, кейін Ленинград консерваториясында Ф.Ниманның гобой класы бойынша білімін жалғастырды.
1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспирантурасына түседі. Ахмет Қуанұлы өнер ордасында жүріп қаладағы филармониялық концерттер, опера және балет театрының спектакльдері, музыканттардың концерттерін көріп, ой-өрісін толықтырды. Жас жігіт арасында Ақтөбе жерін аралап халықтың ән-күйлерін жинайды. Сол сапарында өнер зерттеушісі Александр Затаевичпен танысады.
1933 жылы Қазақ СССР халық ағарту комиссары Ахмет Жұбановты әдейі шақырып, республикадағы алғашқы музыка-драма техникумының жұмысын басқаруға шақырады. Ахмет Жұбанов сол кезде халық музыкасын жинақтау жөніндегі ғылыми-зерттеу кабинетін құрып, алғашқы еңбегін бастайды.
1934 жылы ел арасынан жинаған күйлерін халыққа насихаттау мақсатымен сауаты жоқ күйшілерден он бір адамнан тұратын оркестр құрып, концерт ұйымдастырады. Сол кезде Құрманғазының "Сарыарқа", "Балбырауын" күйлерінің ұнағаны сонша, қазақтың ұлттың оркестрін құруға жоғарыдан қаулы түседі. Оркестрдің көркемдік жағын басқарып, дирижерлік ету Ахмет Жұбановқа тапсырылады. Дирижер ретінде орындалатын күйлердің ноталарын қағазға түсіреді. Осыған байланысты 1936 жылы Ахмет Жұбановтың "Музыка әліппесі" атты кітапшасы жарық көреді. Бұл сауаты жоқ күйшілерге таптырмайтын құрал еді. Сондай-ақ қазақ ұлт аспаптарын жетілдіру де Ахаңның міндеті еді.
1936 жылы алғаш Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, кейін 1949 жылы өткен екінші онкүндікте де Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі үлкен абыройға ие болады.
1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды, Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", "Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.
Ахмет Жұбанов этнограф ретінде де көп еңбек сіңірді. Оған дәлел 1936 жылы "Халық композиторлары. Құрманғазы", 1942 жылы "Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы" атты кітаптарын жазды. 1945 жылы Латиф Хамидимен бірігіп, "Абай" операсында Абайдың өшпес бейнесін сомдады. Латиф Хамидимен бірігіп екінші туындысы "Төлеген Тоқтаров" операсын жазды. Аяқталмай қалған "Құрманғазы" операсын аяулы қызы, Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Ғазиза Жұбанова аяқтаған екен.
Ахмет Жұбановтың "Қарлығаш", "Ақ көгершін", "Ұмытпа", "Бесік жыры" әндері өз кезінде тыңдаушысының әділ бағасын алған шығармалар.
1945-1951 жылдары Қазақстандағы жоғарғы музыка оқу орны Алматы мемлекеттік консерваториясын ашып, оқу орнының ұйымдастыру ісін бір жүйеге келтірген, алғаш халық аспаптары факультетінің меңгерушісі, кейін директоры болып қызмет атқарған Ахмет Қуанұлы туған халқының өнерін дамытып, жанашырлықпен қараған өнер қайраткері.
Ахмет Қуанұлы Ғылым академиясының өнер секторы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінде еңбек ете жүріп, өнер иелері жайлы көптеген тың зерттеулерін қорғап, академик дәрежесіне жетті. Әсіресе дала күйшілері, халық композиторлары Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ музыкасының тарихына қосқан өлшеусіз бағалы шығармалар. Қазіргі музыка зерттеушілері Ахмет Жұбанов зерттеулеріне сүйене отырып еңбектерін жазуда.
1968 жылы "Замана бұлбұлы" атты кітабы үшін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.
Академик Ахмет Жұбановтың "Музыкадағы алғашқы адым" атты кітапшасы 1962 жылы мың дана болып шықса, сол кітап мерейтой қарсаңында қайта жарық көрді. Сонымен қатар "Тәжік билері" фортепианоға арналған шығармасы және "Ғасырлар пернесінің жыршысы" деген ғылыми-зерттеу жинақтары жарық көрді.
Ахмет Жұбанов музыка тақырыбына үш жүзге жуық мақала, зерттеулер мен очерктер жазып, кәсіби музыкатанушы ретінде халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын, жалпы қазақ музыкасының тарихын жүйеге келтірді.
Қазақ өнеріне өзіндік үлес қосып, өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне күш-жігер жұмсаған халқымыздың біртуар дарынды ұлы – Ахмет Қуанұлы Жұбановтың өнегелі де өміршең еңбегі ғасырлар қойнауында үлкен қазына болып сақталатын баға жетпес құнды дүние.
Татар халқының композиторы Назиб Жиганов кезінде былай деген екен: "Егер әр композитор Ахмет Жұбанов тәрізді өз халқын сүйсе, онда ол әр ұлттың мәдениетінің дамуына қосқан үлесі болар еді. Ғалымның ақыл-ойы мен қарапайымдылығынан дала гүлінің, жұпар иісті қымыздың иісі аңқып тұратын. Ол өзінің адами қасиетімен жан-жағына шапағат нұрын төге білген өнер иесі. Оның табиғатында ежелгі қазақ халқының салт-дәстүрі сақталған, ол туған халқы үшін аянбай еңбек етті".
Шындығында да дарынды композитор, ғұлама ұстаз әрі ірі қоғам қайраткері Ахмет Жұбановтың бар болмысы Жигановтың бірер ауыз сөзіне сыйып тұрғандай.
Бұдан 15 жыл бұрын Ахмет Жұбановтың Санк-Петерборда сақталған өз орындауындағы күйлері мен фонографқа жазылып алынған халық өнерпаздарының орындауындағы ән-күйлердің дыбыс жазбалары табылды. Ахмет Жұбановтың өз орындауындағы "Ақсақ құлан-Жошыхан", "Ақжелең", "Өтті дүние", "Тепеңкөк", "Ноғайлы", "Қаратөс", "Қарабас", "Кеңес", "Штат" сияқты күйлерін радио қызметкері Базарәлі Мүптеке мен өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім жазып әкелді. Ертеде жазылғанмен оның жақсы сақталғаны қайран қалдырды.
Өнер өміршеңдігі композитордың әр шығармасынан байқалады.
Қазақ радиосының "Алтын қорында" композитор Бейбіт Оралұлының композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы "Халық композиторы Құрманғазы" деген атпен шыққан сұхбат-концертінің үнтаспасы бар. Онда Ахаң Құрманғазының әр күйінің тарихын айта отырып, күйлерін ойнайды. Сонымен қатар екінші үнтаспада композитордың әңгімесі орыс тіліне аударылып, В.Манихин деген диктор орысша оқиды. Бұл таспа негізінен күйтабақтан көшіріп алынған. Бұл сұхбат-концертті тыңдап отырғанда Ахмет Қуанұлының өзі әңгімелеген біз білмейтін бірталай мағлұматтармен таныс боламыз. Нағыз өнер иесінің өз дауысын тыңдап "шіркін, өнертанушылардың бәрі осы кісідей болсайшы! Не деген өнерсүйгіш, жанашыр жан" деп таңғаласың.
Ұлттық өнеріміздің жанашыры, белгілі композитор Ахмет Жұбанов өлшеусіз еңбегінің арқасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ бірнеше ордендермен марапатталды.
Алматы қаласының көшесіне, Республикалық музыкалық мектеп-интернатқа Жұбанов есімі берілді. Ақтөбедегі музыка колледжіне, қала көшесіне композитордың есімі беріліп, Алматыдағы өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
2006 жылы Ақтөбе қаласында Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ғимаратының алдында композиторға арнап үлкен ескерткіш орнатылды. Қоладан жасалған ескерткішті гранит плиткасымен қапталған тұғырға орнатты.