Мұқағали Мақатаев – 90 жыл

Мұқағали Мақатаев – 90 жыл

9 ақпан – ақын, аудармашы, драматург, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күні.

Ол 1931 жылы Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақиық ақынның азан шақырып қойған есімі – Мұхаммедқали.

Еңбек жолын 1948 жылы Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы ретінде бастайды. 1954-1962 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, 1962-1963 жылдары қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде, 1963-1965 жылдары қазіргі «Парасат», 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыған.

Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында» мен «Қойшы бала – Әкітай» Райымбек (сол кездегі Нарынқол) ауданындағы қазіргі «Хантәңірі» («Советтік шекара») газетінде 1949 жылы жауапты хатшы қызметін атқарған кезде жарық көреді. «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері 1951 жылы шыққан «Жастық жыры» атты жинаққа енген.

Мұқағали Мақатаевтың дарынын алғашқылардың бірі болып байқаған ақын Әбділдә Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!»,-деп жазады («Қазақ әдебиеті», 18.3.1960).

Ақиық ақын «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Жалпы оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт.Жан азасы» атты поэма толғауы мен 650-ден астам лирикалық өлеңі бар.

Сонымен қатар Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімін (1971), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969) қазақ тіліне аударған. Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы жарық көрген.

Мұқағалидің «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев тағы басқа сазгерлер ән жазды.

Мұқағали Мақатаев 1976 жылы 27 наурызда 45 жасқа қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болған.

Қазір Алматыда ақын атындағы мектеп, көше және сол көше бойында ескерткіш бар. Туған ауылы Қарасазда М.Мақатаев мұражайы жұмыс істеп тұр.

https://www.gov.kz/memleket/entities/mcs/press/news/details/157373?lang=kk