Душанбе, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Орталық Азия – ШЫҰ-ның өзегі: бейбітшілік пен бірлескен даму кеңістігі» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Іс-шараны Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, ТР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Тәжікстандағы ШЫҰ Достық және ынтымақтастық орталығы ұйымдастырды.
Конференцияға Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ ТМД, ҰҚШҰ, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО), ЮНЕСКО, АӨСШК және ЭЫҰ халықаралық ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Конференция қатысушыларына арналған сөзінде Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында Орталық Азия соңғы жылдары Еуразиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңір ШЫҰ-ның орнықты өзегін қалыптастырып, ұйымның одан әрі дамуына серпін беретін жүйеқұраушы рөл атқара бастады.
Е.Қонысбаев өз сөзінде «Шанхай үдерісінің» бастауынан бері Орталық Азия мемлекеттері Ұйымның белсенді негізін қалаушыларының қатарында болғанын және оның дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан үшін ШЫҰ-ны тең құқықты әрі өзара тиімді ынтымақтастық алаңы ретінде одан әрі нығайтудың ерекше маңызға ие екенін айтты.
Іс-шараға қатысушылардың басым бөлігі ШЫҰ-ның Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, оның беделді әрі ықпалды халықаралық және өңірлік бірлестіктер қатарындағы лайықты орнын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің ШЫҰ-ның қалыптасуы мен дәйекті дамуына қосқан үлесіне, сондай-ақ өзара сенім, тату көршілік және тең құқықты серіктестік қағидаттарын нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Душанбе қаласына сапар аясында Е.Қонысбаев Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нигина Ализодамен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар сондай-ақ алдағы екіжақты іс-шаралардың кестесін, оның ішінде биік және жоғары деңгейлердегі кездесулерге дайындық мәселелерін қарастырып, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.