Тәжікстанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды

Тәжікстанда тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды

Душанбе, 2026 жылғы 9 сәуір – 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекараларын күзету жөніндегі әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің басшылығы, Тәжікстанның Шекара қызметінің ардагерлері мен әскери қызметшілері, Ардагерлер-интернационалистер одағының өкілдері, қазақ диаспорасы мен студенттер, сондай-ақ Душанбеде тіркелген Ресей, АҚШ, Иран және Түркия дипломатиялық миссияларының әскери атташелері қатысты.

Елші У.Төреханов өз сөзінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғауда ерлік пен табандылық танытқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі Қазақстан халқының жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ол олардың жанқиярлығы мен әскери борышқа адалдығы шынайы патриотизмнің, батылдық пен Отанға деген шексіз берілгендіктің үлгісі екенін айтты.

Елші сонымен қатар әскери қызметшілердің қаһармандығы туралы тарихи жадыны сақтаудың және осы құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

Қазақстандық дипломат Тәжікстан Республикасының басшылығына қазақстандық жауынгерлердің ерлігі туралы тарихи жадыны сақтауға көрсеткен тұрақты қолдауы мен еске алу іс-шараларын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін шынайы алғысын білдірді.

Іс-шараға қатысушылар өз сөздерінде Тәжікстанда өз өмірлерін қию арқылы әскери борышын өтеген, әскери антқа адал болған қазақстандық жауынгерлердің есімін құрметтейтінін жеткізді. Олар өздері қорғаған жандардың жадында мәңгі қалады.

1993 жылғы қаңтарда ТМД мемлекеттерінің басшылары тәжік-ауған шекарасын заңсыз топтардан бірлесіп қорғау туралы Келісімге қол қойған болатын. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерінен құралған жиынтық батальон құрылды. Бұл батальон 8 жыл бойы тәжік-ауған шекарасын күзету жөніндегі үкіметтік тапсырманы орындады. Осы кезеңде 10 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен офицер бауырлас Тәжікстан халқына көмек көрсете отырып, ТМД-ның оңтүстік шекараларын қорғаудан өтті.

Бұл миссия тарихында 1995 жылғы 7 сәуірде Дарваз ауданының Пшихавар шатқалында қазақстандық 7-ші жиынтық ротаның қоршауға түскен қайғылы оқиғасы ерекше орын алады. Бес сағатқа созылған шайқас нәтижесінде 17 әскери қызметші қаза тауып, ондаған адам жараланды. Көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін қаза тапқан бес әскери қызметші II дәрежелі «Айбын» орденімен, он екісі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Қазақстандықтардың ерлігін есте сақтау мақсатында 2007 жылы Душанбе қаласындағы Фирдавси атындағы саябақта ескерткіш мемориал орнатылды, оған жыл сайын адамдар гүл қойып, тағзым етеді.