Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Орталық Азия елдері мен Германияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының C5+1 форматындағы қатысуымен өткен Экономикалық форумға қатысты. Іс-шараны Германия экономикасының шығыс комитеті ұйымдастырды.
Форум Орталық Азия мемлекеттері мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ өңірлік өзара іс-қимылды нығайту бағытында мазмұнды диалог алаңына айналды.
Іс-шараның пленарлық бөлігінде ГФР Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері сөз сөйледі. Өз мәлімдемелерінде олар C5+1 форматының стратегиялық маңызын, Орталық Азияның халықаралық экономикалық байланыстар жүйесіндегі рөлінің артып келе жатқанын және неміс бизнесімен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің өзектілігін атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыру, өзара тиімді серіктестікті дамыту және басым салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тақырыптық сессиялар шеңберінде неміс бизнес өкілдерінің төрт негізгі бағыт бойынша баяндамалары ұсынылды:
- Шикізат материалдары – табиғи ресурстарды өндіру, өңдеу және орнықты пайдалану саласындағы ынтымақтастық перспективалары, сондай-ақ сенімді әрі тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру;
- Энергетика – дәстүрлі энергетика, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және энергетикалық көшу салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері;
- Ауыл шаруашылығы – агроөнеркәсіптік сектордағы бірлескен жобалардың әлеуеті, инновациялық технологияларды енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру;
- Логистика және көлік қолжетімділігі – көлік дәліздерін дамыту, өңірлік байланыстылықты жақсарту және Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайту.
«Аталған алаң C5+1 форматын Мемлекеттер басшылары деңгейінде толықтыратын маңызды тетікке, сондай-ақ елдеріміз арасындағы сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтудың тиімді құралына айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.
Форумға қатысушылар Орталық Азия мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту өзара мүдделерге сай келетінін, өңірдің орнықты дамуына және жеткізу тізбектерін әртараптандыруға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар C5+1 форматындағы сындарлы диалогты жалғастыруға және Орталық Азия мен Германия елдерінің мемлекеттік құрылымдары мен іскер топтары арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екендерін растады.