
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева бастаған делегация Орталық Азия әйелдерінің диалогы аясында Душанбеде өткен «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты қорытынды форумға қатысты.
Іс-шара Тәжікстан Республикасының төрағалығымен өтті.
Дания Еспаева Орталық Азия әйелдері диалогының бес жылда маңызды жолды жүріп өткенін, соның ішінде Бейжің іс-қимыл платформасын жүзеге асырудағы салмақты рөлін атап өтті.
Өз сөзінде Қазақстанның қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы нәзік гендерлік тәсілге назарға аударған Мәжіліс вице-спикері еліміздің бітімгерлік контингенттерінде әскери қызметтегі, полициядағы әйелдердің қатары артып келе жатқанын айтты. Бітімгерлік даярлық орталығының базасында гендерлік және бейбіт тұрғындарды қорғау жөніндегі әскери кеңесші әйелдер әзірленетініне тоқталды. Жергілікті тұрғындармен байланысқа шығатын бітімгер әйелдер қақтығыс аймақтарында аналар мен балалардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратынына мән берді.
Форумда депутат Наталья Дементьева да баяндама жасап, жаһандық құбылмалылық пен аймақтық трансформация дәуірінде бітімгер әйелдер мен жас көшбасшылардың күш-жігері ерекше рөл атқаратынына назар аударды.
Жиын соңында қатысушылар өңірлік бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, аймақта шынайы гендерлік прогресті дамыту үшін өзара іс-әрекетті күшейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Толығырақ mazhilis.parlam.kz сайтында.