Душанбе, 2025 жылы 7 тамыз - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жақып Асанов, Сұлтанбек Мәкежанов, Нұртөре Жүсіп, Алишер Сатвалдиев және Жанна Асанова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисінің Маджлиси Милли арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комиссияның үшінші отырысына қатысты.
Іс-шараға қатысушылар сауда-экономикалық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстандық-тажікстандық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Көлік, цифрландыру, ғылым мен білім беру салаларындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ туризм мен мәдени байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Вице-Спикер Жақып Асанов өз алғысөзінде Тәжікстанның Қазақстан үшін жақын әрі сенімді серіктес ретіндегі ерекше рөлін атап өтіп, екі халықты байланыстыратын терең тарихи және мәдени байланыстарға тоқталды.
«Тәжікстан – біз үшін тек маңызды стратегиялық әріптес емес, сонымен қатар өте жақын мемлекет және сенімді одақтас. Екі халқымызды ғасырлар қойнауынан бастау алатын достық, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Елдеріміз арасында барлық деңгейде тығыз саяси байланыс орнаған, экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар нығаюда. Мемлекет басшылары белгілеген тығыз өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі, сөзсіз, Қазақстан мен Тәжікстанның заң шығару органдары арасындағы қатынастар арқылы да сақталуы тиіс», – деді Жақып Асанов.
Өз кезегінде, тәжік тарапы парламентаралық диалогты екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды құрал ретінде атап өтті. Маджлиси Милли Маджлиси Оли Төрағасының бірінші орынбасары Ахмадзода Раджаб екі ел арасындағы өзара құрметке, сенімге және өңірлік тұрақтылық пен тату көршілік қағидаттарына негізделген ынтымақтастықтың орнықты серпінін ерекше атап өтті.
Отырыс барысында 2025–2027 жылдарға арналған парламентаралық өзара іс-қимылдың жаңа «Жол картасы» ұсынылды. Бұл құжат екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты іс-шараларды қамтып, заң шығарушы органдар деңгейінде орнықты байланыстардың одан әрі дамуына септігін тигізетін болады.
(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)