Астанада Алтын Орданың тарихи мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті

Астанада Алтын Орданың тарихи мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті

Астана, 2026 жылғы 19 мамыр – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.

19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.

Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.

Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.

Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.

Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.

Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.

Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.