Республика күні қарсаңында Қатардың Ұлттық Мұражайы Қатардың тарихы мен мәдениетін, бірегей дәстүрі мен өмір салтын қазақ тілінде баяндайтын аудиогидті іске қосты.
Бүгінгі таңда аталған аудиотур араб және ағылшын тілдерінен бөлек француз, корей, түрік, хинди, испан, орыс және украин тілдеріне аударылған.
Осы ретте, мемлекеттік тілдің абыройы мен беделін арттыру мақсатында Қазақстанның Қатардағы Елшілігінің Доха қаласында білім алып жатқан бір топ қазақстандық студенттермен жүзеге асырған бірлескен жобасы аясында мұражай жәдігерлері туралы аудио-ақпарат қазақ тіліне аударылып дыбысталды.
Қатардың тарихы мен сирек кездесетін жәдігерлері туралы отыз бір бөлімнен тұратын аудиотур Қатар Ұлттық мұражайына келушілер үшін де, мұражайдың ресми сайты арқылы оқырмандарға да қашықтықтан қолжетімді.
Жалпы, Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени ынтымақтастыққа сүбелі үлесін қосатын жоба мемлекеттік тілдің халықаралық деңгейде танымалдығын арттыруға, шетелде тұрып жатқан отандастар үшін ана тілін білу деңгейін жетілдіруге септігін тигізе отырып, қазақ тілін оқуға қызығушылық танытқан әрбір азаматтың талпынысына жігер береді.
Қатар Ұлттық Мұражайы Таяу Шығыс өңірінде жәдігерлердің қомақты қорымен бірге өзінің таңғажайып сәулетімен ерекшеленеді. Мұражай ғимаратының шөлді раушан пішіндес дизайнын Притцкер жүлдесінің иегері әйгілі француз архитекторы Жан Нувель жасаған.
Былтыр футболдан әлем чемпионаты өткен Доха қаласы өңірде үлкен қарқынмен дамып келе жатқан жаңа туристік бағыт деуге болады. 2022 жылы Қатар 2,5 млн. туристті қабылдаған. Олардың көбін АҚШ, Еуропалық Одақ, Қытай және көршілес араб елдерінің азаматтары құраған.
Қазақстандық туристер арасында да Катардың танымалдығы артып келеді. Визасыз режимді енгізу және екі ел арасында тікелей тұрақты және чартерлік рейстерді ашу нәтижесінде 2022 жылдың басынан бері Катарға 20 мыңға жуық қазақстандық барды. Туристік ағынның өсу болжамдарын ескере отырып, екі елдің әуе компаниялары жақын арада аптасына рейс санын 28-ге дейін ұлғайтып, Қазақстанның 5 қаласынан (Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе) тікелей чартерлік рейстерді ашуды жоспарлап отыр.