Қазақстан мен Қатар экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Қатар экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Ү.ж. 20-22 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу» атты Қатар экономикалық форумына қатысу үшін Дохаға сапармен барды.

Аталған маңызды іс-шара «Bloomberg» агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды және Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің қамқорлығымен өткізіліп отыр.

 Сапардың аясында ҚР Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров ҚМ Сауда және индустрия министрі - жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының тең төрағасы шейх Мохаммед бен Хамад Әл-Тәнимен,  Қаржы министрі Әли Әл-Кауаримен, Қатар инвестициялық қорының - «Qatar Investment Authority» атқарушы директоры Мансұр бин Ибрахим Әл-Махмудпен және қатарлық бірнеше холдинг басшыларымен кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында, тараптар экономиканы әртараптандыру, әлемдік нарықтағы қазіргі жағдайда көлік-логистика саласын дамыту бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясы шеңберінде сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін қарастырды.

Ә. Қуантыров сұхбаттастарына Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін әрдайым ашық екенін және серіктестер алдындағы өз міндеттемелері мен кепілдіктерін толық көлемде орындайтынын атап өтті.