Қазақстанның халқы 19 миллион адамға жетті

Қазақстанның халқы 19 миллион адамға жетті

Қазақстан халқы 19 миллион адамға жетті. Бұл туралы 3 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

“Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсасында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния - отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!”, - деп жазды өзінің Twitter-де.

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистикасы бюросының халықтың ағымдағы есебі деректеріне сәйкес 2021 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының 19-шы миллион тұрғыны дүниеге келді. Еліміздің 19-шы миллион тұрғыны ретінде Азаматқызы Жания анықталды. Туу туралы актісіне сәйкес нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

19-шы миллион тұрғынды анықтау барлық демографиялық оқиғаларды: табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымын (еліміздің аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескеріп жүргізілді. Кандидатура жалпы республика бойынша, тұратын жеріне тәуелсіз анықталды.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары ішінде халық саны 2557,9 мың адамға (15,5%) өсіп, ағымдағы жылғы 1 шілдеге 19009,6 мың адамды құрады.

https://astanatimes.com/2021/08/kazakhstans-population-reaches-19-million/