Қазақстан мен Қатар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Қатар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Ү.ж. 1-4 ақпан аралығында Сыртқы істер министрінің орынбасары А.А. Айдаров бастаған қазақстандық делегация Қатар Мемлекетіне жұмыс сапарымен барды.

Делегация құрамына Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі А.Қ.Ержанов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Кazakh Invest», «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Астана» футбол клубы және Қазақстанның бірқатар жеке компанияларының өкілдері кірді.

Сапар барысында делегация мүшелері сыртқы істер, қорғаныс, сауда және өнеркәсіп, муниципалитет және қоршаған ортаны қорғау министрлерімен, Орталық банк Төрағасымен және Қатардың негізгі банктерінің басшыларымен, сондай-ақ «Qatar Investment Authority», «Qatar Sports Investments», «Qatar Mining», «Qatar Diar», «Hassad Food», «Widam», «Katara Hospitality» ұлттық компанияларының бірінші басшыларымен және Қатардың ірі инвесторларымен келіссөздер жүргізді.

Кездесулер аясында Қатар тарапына қорғаныс және тау-кен металлургия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, банк секторы, туризм және спорт салаларындағы нақты инвестициялық жобалар таныстырылды, сондай-ақ Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды.

Сапар Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл-Тәнидің биылғы жылы Нұр-Сұлтанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық аясында ұйымдастырылды, оның барысында екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.