Қатар сарапшылары Қазақстанның жаһандық қауіпсіздіктегі рөлін жоғары бағалады

Қатар сарапшылары Қазақстанның жаһандық қауіпсіздіктегі рөлін жоғары бағалады

Доха, 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар университетінің Шығанақ елдерін зерттеу орталығының басшылығымен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді зерттеу саласында екі елдің сараптамалық-талдамалық орталықтары арасындағы ынтымақтастықты орнату және дамыту мәселелерін талқылады.

Орталықтың директоры Мәриям Әл-Кауари халықаралық қоғамдастық Қазақстанды ядролық қарусыздану және таратпау саласында кең мойындалған жаһандық көшбасшы ретінде қарастыратынын тілге тиек етіп, еліміздің әлемдегі көлемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта алған санаулы мемлекеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, сарапшы мамандар Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбектеріндегі маңызды рөлін, сондай-ақ азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін жоғары бағалады.

Қазақстандық дипломат Орталық өкілдерін өңірлік және жаһандық күн тәртібінің негізгі мәселелері талқыланатын беделді диалог алаңы – Astana Think Tank Forum-ға қатысуға шақырды.

Тараптар Орталық Азия мен Шығанақ өңірлері арасындағы өзара қызығушылықтың артуын, өңіраралық серіктестіктің нығаюын және ынтымақтастықты дамыту бойынша практикалық тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін ескере отырып, Қазақстан мен Қатардың зерттеу және сараптамалық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті.

Шығанақ елдерін зерттеу орталығы (Gulf Studies Center) 2013 жылы Қатар университеті жанынан құрылған және халықаралық қатынастар саласындағы қатарлық, өңірлік және халықаралық сарапшыларды біріктіретін, Шығанақ елдеріндегі саяси, экономикалық және әлеуметтік үдерістерді талдауға арналған жетекші зерттеу алаңы болып табылады.