Нью-Дели, 2025 жылғы 24 қаңтар – Үндістанның астанасы Нью-Делиде Қазақстанның Kazakhstan Born Bold медиа-кампаниясының таныстырылымы және Astana International Forum 2025 форумының негізгі мақсаттары мен болашақтағы стратегиясы ұсынылды. Шараға Үндістанның экономика және бизнес саласындағы жетекші өкілдері қатысты.
Таныстырылым Қазақстанның серпінді дамуын, оның инновацияларға деген ұмтылысын және әлемдік аренадағы негізгі ойыншы ретіндегі рөлін көрсететін Kazakhstan Born Bold медиа-науқаны туралы егжей-тегжейлі кіріспеден басталды. Науқан Қазақстан жаһандық серіктестіктерді белсенді дамытып, озық технологияларды енгізіп жатқан болашаққа батыл және өршіл көзқарасты көрсетеді. Таныстырылым соңы науқанның жарнамалық бейнеролигін көрсетумен аяқталды.
Тұрақты даму, климаттың өзгеруі, технологиялық инновациялар мен цифрландыру сияқты жаһандық сын-қатерлерді талқылау үшін маңызды алаңға айналуы тиіс алдағы өтетін Astana International Forum 2025 форумына ерекше назар аударылды. Форум әлемдік көшбасшыларды, бизнес өкілдері мен сарапшыларды жинап, тәжірибе алмасуға және өзекті мәселелерді шешуге арналған ашық алаңға айналады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі форумның елдер мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан экономикасының маңызды салаларына инвестициялар тарту құралдарының бірі ретіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Форум Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту және энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру мен жоғары технологиялар сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды құрал ретінде қарастырылатындығы атап өтілді.
Астана Халықаралық форумы 2025 ж. 29-30 мамырында Қазақстанның елордасы Астанада өтеді және жаһандық процестерде орталық ойыншы ретіндегі елдің ұстанымын нығайта отырып, Қазақстанның әлемдік аренадағы стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды кезең болады деп күтілуде.