2023 ж. 20 шілде – Калькутта қаласына (Батыс Бенгалия штаты) жұмыс сапары аясында Қазақстан Елшісі Нұрлан Жалғасбаев «Үндістан мен Қазақстанның өсіп келе жатқан байланыстары: Батыс Бенгалияға назар аудару» тақырыбында арнайы сессияға қатысты.
Батыс Бенгалия штатының Көпестер сауда-өнеркәсіп палатасы MCCI (1901 жылы құрылған) ұйымдастырған іс-шараға 100-ден астам жергілікті ірі, шағын және орта бизнес, іскер топтар, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Сөз сөйлеу барысында Н.Жалғасбаев Қазақстан Үкіметінің саяси және экономикалық реформалары туралы айтып, қатысушыларды елімізде бизнес жүргізудің жаңа мүмкіндіктерімен, оның ішінде Қазақстан экономикасына инвестициялау перспективаларымен таныстырды. Сессия қорытындысы бойынша Қазақстанға іссапармен бару үшін бизнес-делегацияны қалыптастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сапар аясында Н.Жалғасбаев Батыс Бенгалия Индустрия, сауда және кәсіпкерлік департаментінің директоры Вандана Ядавпен кездесу өткізді, оның барысында әңгімелесушілер сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективалары туралы пікір алмасты, сондай-ақ оның одан әрі дамуының ықтимал жолдарын талқылады.
Анықтама: Батыс Бенгалия – Үндістанның шығысындағы штат. Астанасы және ең үлкен қаласы – Калькутта. Халқы – 91 347 736 (штаттар арасында 4-ші; 2011 жылғы мәліметтер бойынша). Штат Үндістанның шығысында орналасқан, Бангладешпен (шығыста), Бутанмен және Сикким және Ассам штаттарымен (солтүстікте және солтүстік-шығыста), Орисса штатымен (оңтүстік-батыста), Джарханд және Бихармен (батыста) және Непалмен (солтүстік-батыста) шектеседі.
Батыс Бенгалия – ЖІӨ 21,5 млрд долл. құрайтын Үндістанның үшінші ірі экономикасы және үшінші қарқынды дамып келе жатқан экономикасы. Қызмет көрсету саласы өңірдің ЖІӨ-нің 52%, ауыл шаруашылығы 27% және өнеркәсіп секторы 22% құрайды. Негізгі дақылдарға күріш, бидай, бұршақ дақылдары, темекі, қант қамысы, джут, шай жатады. Аймақ өзінің «Дарджилинг» шайымен және басқа да сапалы сорттарымен танымал. Өнеркәсіп негізінен Калькутта агломерациясында шоғырланған, жабдықтар мен электроника, болат, автомобильдер, теміржол вагондары, тоқыма және т.б. өндіріледі.
Батыс Бенгалия жеңіл, тамақ және ауыр өнеркәсіптің әртүрлі салаларын дамытудың жоғары деңгейімен сипатталады. Ранигандж бассейні көмір өндірудің айтарлықтай деңгейін қамтамасыз етеді. Батыс Бенгалия сонымен қатар бүкіл Үндістанның электр энергиясын өндірудің шамамен 20% құрайды.
Калькутта – теңізден 148 км қашықтықта орналасқанына қарамастан, Шығыс Үндістанның ең үлкен теңіз порты. Мұхит кемелері портқа кіре алады.
2018 ж. 21 қыркүйектен бастап штатта Қазақстанның Құрметті консулының кеңсесі жұмыс істейді. Батыс Бенгалия штатында және солтүстік-шығыс штаттарда Қазақстанның Құрметті Консулы - «Multiwyn Group» Басқарушы директоры Вишал Джаджария болып табылады.